Қазақстан темір жолы Ресейге қарай жүретін пойыздардың қозғалысын шектемейді


Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей федерациясы арасында 17 пойыз қатынайды. Оның 10-ы ҚТЖ-на, 6 құрам «Ресей темір жолдары» ААҚ-на тиесілі.
2014 жылдың 14-желтоқсанынан бастап «РТЖ» ААҚ «Новосибирск-Алматы» және «Новокузнецк – Қарағанды» бағытына қатнайтын жолаушылар пойызын кестеден алып тастады. Ал, «Қазақстан темір жолының» «Алматы – Новосибирск» бағытына қатынайтын пойызы кестеге сәйкес жүреді.
ҚТЖ-ның Ресейге қатынайтын барлық он пойызы жүрісін тоқтатпайды, делінген хабарламада.
Дегенмен, Ресей жағы да қажеттілік туындаған жағдайда жолаушылар пойызы қозғалысын қайта қалпына келтірмек.
«Федералды жолаушылар компаниясы» ААҚ 14-желтоқсаннан бастап ТМД елдеріне қатынайтын 5 бағыт қана сақталып қалатынын хабарлаған болатын. Олар: Мәскеу-Кишинев, Мәскеу-Брест, Томск-Лениногорск, Челябинск-Ташкент және Орынбор-Ташкент.
Ал, ТМД елдерімен арадағы өзге пойыздар экономикалық жағынан тиімсіздігіне байланысты жүрісін тоқтатпақ.