Ескерте кететін жайт, дамушы елдерде 2013 жылы шетелдік инвестициялар көлемі жаһандық деңгейдің 52 пайызын құрап, 759 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал өтпелі экономика елдеріндегі инвестициялардың ағыны 126 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш 2012 жылға қарағанда 45 пайызға жоғары.
Қазақстанға тоқталар болсақ, 2005 жылдан бастап, елімізге 184 млрд. АҚШ долларынан тікелей шетел инвестициясы тартылды. Олардың 55 пайызы, нақты айтқанда, 102 млрд. АҚШ доллары 2010-2013 жылдары аралығына, яғни үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бастау алу кезеңіне сай келіп отыр.
Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы іске асырыла басталысымен тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытындағы жұмыстар бір жүйеге келтірілгенін атап өткен орынды.
Атап айтқанда, ең бірінші, «Шетелдік мекемелер - орталық - өңірлер» қағидаты бойынша шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің тікелей шоғырландырылған жүйесі құрылды. Өңірлік деңгейде инвесторларды қолдау үшін Инвесторларға қызмет көрсету орталығы желісі ашылды. Екіншіден, басымдықты мемлекеттер мен секторлар, сондай-ақ, басты жоғары технологиялық трансұлттық корпорациялар айқындалды. Үшіншіден, инвесторларды нақты мемлекеттік қолдауға бағытталған бірқатар нысаналы іс-шаралар жүргізілді. Төртіншіден мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасында инвесторлар өз ұсыныстарымен тікелей бөлісе алатын диалогтық алаңдар кеңейтілді. Шетелдік инвесторлар кеңесімен қатар Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес жұмысы жүзеге асырылды. Бесіншіден, Арнайы экономикалық аумақтар дамытылуда. Қазіргі күні, әрқайсысы өз бағытына ие, 10 ЕЭА құрылды және жұмыс істеуде.
Міне, мемлекет тарапынан қолға алынған нақты осындай шаралардың нәтижесінде ҮИИМДБ іске асыру жылдарында өндеуші өнеркәсіптегі шетелдік тікелей инвестициялардың зор қарқынмен өскенін ерекше атап өту маңызды. ҮИИМДБ 4 жылының ішінде өндеуші өнеркәсіпке 14,1 млрд. АҚШ доллары тартылды. Бұл 2005 жылдан бастап өндеуші өнеркәсіптегі тікелей шетел инвестициясының 70 пайызын құрайды.
Қазақстан экономикасының мұндай жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің зор үлес қосып отырғандығы сөзсіз. Ал бүгін Ақмола облысына қарасты Бурабай кентінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-ші жалпы отырысында елміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға қатысуы мәселесі талқыланатын болады.