Қазақстан Түркиядағы өз елшіліктерінің қауіпсіздігін күшейтуі тиіс- саясаттанушы

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Түркиядағы Ресей елшісінің өлтірілуін халықаралық тәжірибеде сирек болатын жантүршігерлік сұмдық оқиға, деп атады. Өйткені оның пайымдауынша, соғыс жағдайында отырған елдердің өзінде елшілерге ешкімнің тиісуге хақы жоқ, деді Caravan.kz тілшісіне берген сұхбатта.

Бұған дейін  2012 жылы Ливияның Бенгази қаласында АҚШ елшісі лаңкестер тарапынан өлтірілгені мәлім. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын Иракта Египеттің елшісі мен басқа да бірқатар араб елдерінің елшіліктегі қызметкерлерін лаңкестердің жария түрде жазалағанын тілге тиек еткен саясаттанушы, дәл қазіргі кезде Қазақстанға да Түркиядағы және көрші араб елдеріндегі өз елшіліктерінің қауіпсіздігін күшейткені дұрысырақ болады, деді.

Ал бірқатар әлемдік БАҚ-тың жазуынша, ресей елшісіне бұрынғы түрік полицейі Ресейдің Алепподағы іс-әрекеті үшін шабуыл жасаған.

«Әлемде Ресейдің Сирияға әскер енгізуіне қатысты түрлі бағалаулар болды. Бірқатар мемлектер Ресейдің ұстанған бағытын дұрыс деп тапса, кейбір елдер наразы болды. Сондықтан Түркиядағы бұл оқиға Ресейдің Сирияға қатысты ұстанған саясатының салдары болуы да әбден мүмкін деді», - Расул Жұмалы.


«Әйтседе, бұл оқиға атып түсірілген әскери ұшақ оқиғасынан кейін енді оңалып келе жатқан Түркия мен Ресей қарым қатынасына кері әсер етпеуі тиіс. Өйткені қастандықтан соң іле-шала Түркия президенті Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті»,- деді Р. Жұмалы.

Еске сала кетсек, кеше Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловқа қарсы қастандық жасалған. Елші өнер көрмесінің ашылуында сөйлей бастағанда белгісіз ер адам тапаншамен оқ атқан. Ауыр жараланған Ресей елшісі ауруханаға жеткізілгенімен, ұзамай қаза тапты.