Кездесу барысында тараптар өзара ақпарат алмасып, өзара тиімді ынтымақтастықтың басты бағыттары бойынша екеуара мәмілеге келді. Үкімет басшысы Қазақстанның BG Group Pls. тобымен өзара ынтымақтастықты одан әрі өрістетуден мүдделі екенін және Қарашығанақ жобасын жүзеге асыру барысы пәрмендене түседі деп сенетінін атап өтті.
Р.Уилсон BG Group Pls. компаниясының аймақтық кеңсесі Қазақстанның Елордасына қоныс аударғанын хабарлады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қарашығанақ кенішін игеру жобасы Өзара өнім бөлісу жөніндегі ақырғы келісім аясында жүзеге асырылуда. Оған ҚР үкіметі мен шетелдік компаниялар альянсы қол қойған. Альянсқа енетін компаниялардың үлесі мынадай: BG - 32,5% , Аджип - 32,5%, ШевронТексако - 20% және ЛУКОЙЛ - 15%.
Аталмыш келісімге 1997-жылдың 18-қарашасында 40 жыл мерзіммен қол қойылып, 1998-жылдың 27-қаңтарынан бастап күшіне енген. Өзара өнім бөлісу жөніндегі ақырғы келісім шарттарына сәйкес BG мен Аджип жобаның біртұтас операторы болып табылады.
BG Group Pls. Қарашығанақпен бірге Қашаған жобасына да қатысқан. Алайда, 2003-жылы ол аталмыш жобадағы 16,67 проценттік өз үлесін сататынын жариялады.