Қазақстан үкімет басшысы мен "Самұрық" холдингі директорлар кеңесінің төрағасы әлемдік шикізат және қаржы нарығындағы ахуалды талқылады

Тараптар әлемдік қаржылық және шикізат рыноктарының ағымдағы жағдайын, сондай-ақ "Самұрық" холдингінің және оның құрамына кіретін компаниялардың іс-қимыл стратегиясы мен қазіргі жағдайдағы экономикалық ахуалын талқылады.

Холдингтің директорлар кеңесінің төрағасы, "Самұрық" және оның құрамына кіретін ұлттық компаниялар үкіметтің көмегімен ұзақ мерзімді жоспарларды тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеп жатқанын атап өтті.

"Егер мұнайгаз бизнесіне, темір жол және телекоммуникациялық салаларға қарайтын болсақ, бұл - ұзақ мерзімді сипаттағы жобалар",- деді Р. Эванс. Ол "бүгін қабылданатын шешімдер ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру барысына ықпал ететіні" туралы пікірін білдірді.

Сондай-ақ, ол тартылған капитал құнының артуын күту кезінде тиісті тарифтік-бағалау саясатына түзетулер жасау қажеттігіне тоқталды.

Р. Эванс үкіметпен бірлесіп атқарған іс-шаралар келешекте "Самұрық" холдингі үшін ғана емес, барлық Қазақстан экономикасы үшін оң тиімділікке қол жеткізуге жол ашатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында премьер-министр "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" акционерлік қоғамы басшылығының алдына ұзақ мерзімді жоспарларды түзету жөнінде бірқатар жаңа міндеттер қойды.