"Біз мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалған бұл тұжырымдаманы қабылдауға тиіспіз деп санаймын",- деді үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Үкіметтің отырысында еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің хабарлағанындай, бұл тұжырымдаманың басты мақсаты руханият және білім беру салаларын дамыту үшін ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастырушылық-әдістемелік базаны жетілдіру, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану тиімділігін көтерудің ықпалды тетіктерін жасау болып табылады.
Ең алдымен ол үшін тарихи-мәдени мұра нысандарын одан әрі дамыту және сақтауға қажетті жағдайларды жасау қажет. Ұлттық мұраны шетелдік ғалымдармен, ірі ғылыми орталықтармен бірлесе кешенді зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасын табады. Сол арқылы мұра әлемдік ғылыми айналысқа түспек. Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қоғамдық білім және бұқаралық мәдениет саласына жеткізу және оларды халықаралық сахнада белсенді насихаттау аса қажет, деді министр.
Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі осы тұжырымдаманы жүзеге асырудың бірқатар басым бағыттарын ұсынады. Басты бағыттардың бірі - ұлттық нышандарды қалыптастыру. Атап айтсақ, бірегейлігі жағынан елдің ұлттық нышанына айналуға тиіс және біріктіруші функция атқаруға тиіс мемлекеттілігіміздің алтын қазынасы ескерткіштерін реставрациядан өткізу жоспарланған. Олардың арасында Есік, Берел қорғандары мен Түркістан және Отырардағы аса маңызды ескерткіштер бар.
Ұлы Жібек Жолының тарихи орындарының негізінде мәдени туризмді дамыту көзделген. Бұл салада Мәдениет министрлігі Жібек Жолының магистральдық бөліктерінде мұражай-қорықтарды дамытуды айқындайтын бас жоспар жасауды, барлық тарихи орындарда Қазақстанның тарихын кезең-кезеңімен көрсететін мұражай ісін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізуді жоспарлауда.
Тағы бір бағыт - ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау. Қазақстанның тарихи орындары туралы мазмұнға бай әрі сапалы деректі фильмдер түсіріп, оларды "Би-би-си" және "Дискавери" сияқты әлемдік деңгейдегі телеарналарда көрсету жоспарланған, деді министр.
Бұдан кейінгі мақсат - жүйленген білімді оқыту процессіне енгізу. Бұл Қазақстан жастарын отаншылдық, өз халқы мен салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік рухта тәрбиелеу қажеттігінен туындап отыр.
Министрлік сонымен бірге тиісті мамандарды дайындау, мәдениет саласындағы жас мамандарды халықаралық оқыту бағдарламаларына қатыстыру, алыс-жақын шетелдерде білім шыңдауға жіберу бағытында да бірқатар шараларды жоспарлауда.