Қазақстан үкіметі астық сатып алу бағасын одан әрі өсірмейді

"Қазір ең тиімді баға белгіленді, алдағы уақытта үкімет оны қайтадан қарамайды",- деді ол. Сонымен қатар, А.Есімов осы орайда "мемлекеттік астық сатып алу бағасын үкіметтің осыдан екі апта бұрын қайтадан қарап, бір тонна астықтың бағасын 65 доллардан 90-ға дейін өсіргенін" ескертіп өтті. Астық сатып алу бағасының осыншама қымбаттатылу себебін ауылшаруашылығы министрі "Қазақстан астығына деген сұраныстың арта түсуімен" байланыстырып түсіндірді. Оның айтуынша, бұл - биыл Еуропа, Ресей мен Украинада қуаңшылық болуына байланысты.

ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ресейде биыл былтырғыдан 20 процент кем астық жиналса, Украинадағы түсім көлемі 2002-жылғы 20 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға дейін азаяды деп күтілуде. А.Есімовтың айтуынша, 2003-жылы күн райының қолайсыз ахуалы қалыптасқанына қарамастан елімізде егістік түсімі ойдағыдай болады деп күтілуде.
Ауылшаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазіргі жағдаймен елімізде 7 млн. тонна егін орылды. Ал 2002-жылғы осы мерзімде 4,6 млн. тонна астық жиналған болатын. "Биылғы астық ору қарқыны өткен жылғыдан едәуір пәрменді",- деді А.Есімов. Мекеме мәліметіне сүйенсек, бүгінгі жағдаймен егістік алқаптарының 42,3 процентінде орақ науқаны аяқталды. Бұл өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 17 процент артық .