В.Школьниктің пікірінше, "бұл кездесуде келіссөздердің ақырғы егжей-тегжейі анықталуы тиіс". "Наурыз айының аяғына дейін біз құжаттарды рәсімдеп бітіруіміз қажет",- деді В.Школьник.
BG тобынан үлестің жартысын сатып алуға Қазақстан тарапынан берілген келісім принциптік тұрғыда өзгермейді деді журналистер сауалына В.Школьник.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Қашаған кенішін игеру жобасы бойынша BG акцияларының 8,33 процентін сатып алу шарасын 2005-жылғы наурыз айының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. BG акцияларының 16,67 проценттік қоржынының нарықтағы құны 1,23 млрд. долларды құрайды. Сатып алынатын акциялар қоржыны 615 млн. доллар тұрады.
Ұлыбританияның BG тобы Қашаған жобасындағы 16,67 проценттік өз үлесін сатуға ниет білдіріп, оны жобаға қатысушы италиялық Eni, Ұлыбритания мен Голландия біріккен Royal Dutch/Shell, францияның Total, американдық Exxon Mobil және ConocoPhillips, сондай-ақ, жапониялық Inpex компанияларға қылдай бөліп беруге ұсыныс жасаған. Өз кезегінде Қазақстан үкіметі BG акцияларының қоржынын толық сатып алуға құлық танытты.
Қашаған кенішін игеру жобасының операторы болып табылатын Agip KCO консорциумына BG Group, Exxon Mobil, Inpex Masela Ltd., Phillips, Shell және TotalFinaElf компаниялары біріккен. Қашаған кенішіндегі алғашқы мұнай Восток-1 ұңғысында 2000-жылдың жазында табылды. Кеніштегі дәлелденген мұнай қоры 11 млрд. баррельді (1,5 млрд. тонна) құрайды. Agip KCO Қашаған кенішінде өнеркәсіптік мұнай өндіре бастау мерзімін 2007-жылға межелеп отыр.