Қазақстан үкіметі мұнай өнімдерінің экспортын реттеудің шаралар кешенін енгізбекші

Үкімет басшысы бір аптаның ішінде "мұнай өніңмдері бойынша шаралар кешенін дәйектеуді " тапсырды. "Мұнай өнімдері бағасының өсу ағымы әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуінен болып отыр. Мұны халыққа түсіндіре алмайсың. Біз осы ағымды басқа бағытқа бұруымыз қажет", -деп мәлімдеді премьер.

Өз кезегінде республиканың энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың пайымдауынша, "мұнайға экспорттық баж салығы енгізілуге байланысты мұнай өнімдерінің экспортын реттеудің кешенді шараларын дайындау қажет". "Мұнай өнімдерін реэкспорттауға жасалатын талпыныстар ұлғаятынын сөзсіз", - дейді министр.

С. Мыңбаевтың мәліметінше, 2008 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан экспортталған дизельдік отын көлемі 279 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 1,5 есе артық. Жанармай да 1,5 есе артық көлемде экспортталған. Оның айтуынша, жалпы алғанда 2008 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан 42 мың тонна жанармай, соның ішінде 36 мың тоннасы ТМД елдеріне, 24 мың тоннасы Қырғызстанға шығарылған.

"Бұл жерде реэкспорт жасалғаны айқын", - деді С. Мыңбаев.