Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, премьер-министр ҚХР-да жер сілкінісінің салдарынан орын алған жағдайларға байланысты олардың ауыр қайғысына ортақ екендігін айтты және Қытай халқына, қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айту, сондай-ақ табиғат апатынан зардап шеккендердің барлығының тездетіп жазылып кетуін тілеген хатын елшіге табыс етті".
Кәрім Мәсімов Қазақстанның Сычуань провинциясындағы жер сілкінісінің салдарын жою үшін Қытайға көмек көрсетуге әзір екенін хабарлады. Оның айтуынша, бүгін Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР үкіметі Қытай Халық Республикасына ізгілік көмек көрсету туралы қаулы қабылдады.
Қаулыға сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қытай Халық Республикасына ізгілік көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектер бөлуді қамтамасыз ететін болады.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Қытай Халық Республикасына ізгілік жүгін тасымалдау үшін жылжымалы құрамды уақытылы беруді қамтамасыз етеді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ізгілік көмек көрсету үшін 433 млн. теңгеден астам сомада тауарлық-материалдық құндылықтарды (азық-түлік өнімдері, шатырлар, жылы киімдер мен жаймалар) жөнелтеді.