"Мұндай міндетті Елбасы жүктеп отыр. Еліміз үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту - құрылымдық реформаларды жүзеге асыруда , отандық өнімдерді экспортқа бағыттауда үдеткіш ролін атқарады. Бірақ бұл - оңай жүзеге аса қоятын шаруа емес",- деді үкімет басшысы.
Премьер-министрдің пайымдауынша, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуінің пайдасы мен зиянын дұрыс бағалап , дөп басып болжау қажет, ол үшін елдің экономикалық мүмкіндіктеріне жан-жақты кешенді талдау жасау талабы тұр. Бұл міндетті 1-қыркүйекке дейін жүзеге асыру керек",- деді Д.Ахметов.
Сонымен қатар қолданыстағы заңдардың халықаралық келісімдерге сәйкестігін анықтау үшін кешенді талдау жасау қажет. Қазақстандық заңдарды Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сәйкестендіру деген қыруар жұмыс тағы бар. Орта мерзімдік бұл мақсатты 2004-жылға дейін атқару қажет ,- деді үкімет басшысы.
Үкіметтің осы бағыттағы жұмыстарын күшейту үшін үкімет басшысының тапсырмасымен индустрия және сауда министрлігінде қосымша вице-министрді тағайындау жөнінде шешім қабылданды. Министрдің бұл орынбасары Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткізу мәселесімен жекелей айналысатын болады.
Өз сөзін қорыта келіп үкімет басшысы халықаралық ұйымға мүшелікке өтудің күңгейі мен көлеңкесін мұқият бағалауды ұсынды.