Қазақстан ұлттық БАҚ-тарды қаржыландыру көлемін 6-7%-ке арттырады - мәдениет және ақпарат министрі

"Ұлттық БАҚ-тарды одан әрі қолдау жөнінде біздің нақты жоспарларымыз бар", - деді министр. "Біз бұл мақсатқа бөлінген бюджет шеңберінде 6-7% өсімді қарастырмақпыз", - деді ол.

"Тұтастай алғанда Қазақстан халқының тілдеріндегі баспасөзді қолдау жалпымемлекеттік ішкі саясаттағы басымдықтарға жатқызылып, парапарлықты нығайтуға бағытталуы тиіс", - деді Е.Ертісбаев.

Оның айтуынша, ұлттық БАҚ-тарға бөлінген мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қаржысының көлемі ағымдағы жылы 36 млн. теңге болды, ал 2005 жылы ол 19 млн теңгеге жеткен. "Яғни, қаржы көлемі екі жылда шамамен екі есе өсті", - деді министр. "Алдағы уақытта да бұл көлем арта түседі, ол сапаны көтеруге септігін тигізетіні анық", -деді ол.

Сонымен бірге, Е.Ертісбаевтың атап көрсетуінше, "БАҚ-тың бұл бөлігінің бәсекелестік қабілеті, таралымы мен таралу мәселелері бірінші кезекте нарықтың ауқымына, қарапайым тілмен айтқанда, сұранысқа байланысты" болмақ. "Бұны міндетті түрде ескеру керек", - деді ол.

"Бұқаралық ақпарат қүұралдары нарығындағы ахуалды нарық реттеуге тиіс", - деді министр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, еліміздің ақпараттық нарығында 13 тілде ақпарат тарататын БАҚ бар. Қазақ және орыс тілдеріндегі БАҚ-тар жетекші орында. Мәселен, еліміздегі барлық 2,5 мың БАҚ-тың 469-ы қазақ тілінде, 856 -сы орыс тілінде, 879-ы орыс және қазақ тілдерінде хабар таратып, жарық көреді. Қазақстанда этникалық топтардың тілдерінде 28 басылым шығады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті