Қазақстан Ұлттық экспорттық стратегияны жасауға кірісті

Бұл туралы агенттіктің баспасөз баянында хабарланды.

Мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдеріне арналған оқыту семинарына Халықаралық сауда орталығының шетелдік консультанттары, сондай-ақ Ұлттық экспорттық стратегияны жасау жөніндегі сарапшылық жұмыс тобының өкілдері қатысты.

Оқытудың негізгі мақсаты - Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясын құру, дамыту және одан әрі жылжыту жөніндегі мемлекеттік жобаның барлық қатысушылары үшін іргелі тұғырнама жасау болмақ.

«KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі Ұлттық агенттігінің басқарушы директоры Жалил Болатов атап өткендей, Мемлекет басшысының шикізаттық емес экспортты жылжытудың кешенді жүйесін жасау жөніндегі тапсырмалары ауқымында «KAZNEX INVEST» агенттігі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, 2020 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясын жасауға кірісті. Стратегияны жасаудың ерекше өзектілігі тұтастай алғанда әлемдік саудаға, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы сауда қызметіне келеңсіз әсер ететін жаһандық экономикалық және қаржылық проблемаларға дер кезінде үн қату қажеттігінен туындап отыр. Бұл орайда экспорттық нарықтар үшін елдер бәсекелестігі күшейе түсуі экспортты жылжытудың тиімді жүйесін құруға бағытталған бірыңғай ұлттық бағытты қалыптастыруды қажет етеді.

Осыған байланысты елдің экспорттық қызметі тұрғысынан елді дамытудың бағытын айқындайтын және отандық экспортты дамыту және ілгері жылжыту жөніндегі қазіргі қолда бар барлық бағдарламалық құжаттарды біріктіретін бірыңғай мемлекеттік құжат ретінде Ұлттық экспорттық стратегияны жасау табысты сауда қызметінің ұлттық алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал болмақ. Ол өнім өндіруден бастап шетелдік нарықтарға мақсатты бағытталған түпкілікті маркетингіге дейінгі экспорттың бүкіл тізбегін құрылымдауға мүмкіндік береді.

Ұлттық экспорттық стратегияның қажеттігі сондай-ақ Индустрияландыру картасы бойынша тауарлардың күтіліп отырған ауқымды өндірісіне негізделенді, онда экспорттық арналарды алдын ала жолға қою, қазақстандық тауарлар экспортын сыртқы халықаралық нарықтарда белсенді жүргізу маңызды.


«Қазақстан-2050» Стартатегиясының көрсеткіштеріне сәйкес экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес сектордың үлесі 2025 жылға дейін екі есе және 2040 жылға қарай үш есе өсу жөнінде мақсатты индикаторлар көзделген. 2018 жылы экспорт көлемін 120 млрд. долларға дейін ұлғайту Қазақстанның әлемдік экспорттаушылар тізімінен 35-ш3 орын алуына (қазіргі кезде - 41-ші позицияда) мүмкіндік береді.

Сонымен бірге экспорттың тауарлық ұлғаюы және географиялық әртараптануы, экспорттаушы компаниялардың, жұмыс орындарының санын арттыру және "Made in Кazakhstan" брендінің танымалдығын күшейту қосымша индикаторлар болмақ.