Күн тәртібінде оңтүстік астанада өтетін фристайлдан әлем чемпионатын ұйымдастыру, 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындық, біздің еліміздің Халықаралық федерацияның басқару органдарындағы өкілдігі, сондай-ақ елімізде аталған спортты дамыту сынды негізгі мәселелер талқыланды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы olympic.kz-ға сілтеме жасап хабарлады.
«Фристайлдан могул және акробатика санаты бойынша әлем чемпионаты Қазақстанда тұңғыш рет өтеді. Біздің ел мен біздің команда үшін бұл жарыстардың маңызы өте зор. Біріншіден, бұл іріктеу турнирі және Бейжіңдегі қысқы Олимпиада алдындағы соңғы әлем чемпионаты. Байрақты бәсеке біздің спортшыларымызға әлемдік рейтингтегі позицияларын нығайтуға, болашақта олимпиадалық іріктеуді аяқтауға көмектесуі керек. Екіншіден, әлем чемпионатын осындай қысқа мерзімде ұйымдастырудың өзі ұлттық қауымдастықтың ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл қысқы Олимпиада қарсаңындағы тағы да маңызды мәселелердің бірі. Бүгінде әлемдік жарысты барлық талаптарға сай қысқа мерзімде өткізуге дайын мемлекеттер қатары аз. Осы тұрғыда біздің Ұлттық Федерация жоғары кәсібилігі мен біліктілігін көрсетіп отыр. Сондықтан, мұндай маңызды іс-шараларды өткізу біздің спорттағы ғана емес, халықаралық деңгейдегі позицияларымызды нығайтуға көмектеседі. Өз жерімізде жарыстарды өткізу спортшыларымыздың өнеріне қазылар тарапынан әділ төрелік етуді қамтамасыз етеді, біздің төрешілер мен техникалық құрамның біліктілігін арттырады. Мұның бәрі, сайып келгенде, спорттың тұрақты дамуын және спортшылардың жақсы нәтижелерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұлттық Олимпиадалық комитет ұлттық спорт федерацияларымен бірге халықаралық федерациялармен тығыз ынтымақтастық орнату бойынша үнемі жұмыс істейді. Бұл олардың басқару органдарындағы өкілдіктерімізді арттыруға мүмкіндік береді. Осы бірлескен іс-шаралардың жиынтығы отандық спорт мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға және еліміздің беделін арттыруға зор мүмкіндік болып саналады. Сонымен қатар, аталған спорт түрлері Солтүстік Америкада, Австралияда, ал қазір Азияда өте танымал екенін атап өткен жөн. Халықаралық сарапшылар Қытай мен Жапонияны болашақта осы спорт түрлерін дамытуға әлеуеті елдер деп бағалауда. Өз кезегінде қазақстандық спортшылар да әлемдік аренада жеңіс тұғырына көтеріліп, көшбасшылар қатарында жүргені қуантады. Екі команда да өсуде, талантты жастар пайда болып, олардың нәтижелері жақсаруда. Бұл фристайлшылар арасындағы әлем кубогі кезеңдері қалай оң әсер еткенін және де біздің спортшыларымыздың әлеуетінің қандай екенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, Алматы қазірдің өзінде қысқы спорттың тұрақты орталығына айналды және әлемдік спорт картасында өзіндік орнын ойып тұрып белгіледі. Алматы FIS жылдық күнтізбесіне енуді дәстүрге айналдырды. Бүгінде бірқатар Дүниежүзілік жазғы және қысқы спорт түрлері федерациялары бізден жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуді сұрайды. Өйткені, Қазақстан әлем чемпионаттарына сапа стандарттарын қоя бастады және ең сұранысқа ие мемлекеттердің бірі болып саналады. Біздің заманауи спорттық ғимараттарымыз, мемлекеттік қолдау және көптеген ұлттық федерациялардың кәсібилігі бүкіл әлемге танылуға мүмкіндік берді. Өткен жылдардағы спортқа салынған инвестиция қазірдің өзінде еліміздің имиджіне тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, бірқатар спорт түрінен біздің спортшыларымыздың деңгейі әлемдік көшбасшылардың қатарында. Жарысты өткізу кезінде телевизиялық хабарлардың маңызы зор екенін атап өткім келеді. Пандемияға байланысты спорттық телеарналарда спорттық көрсетілімдерге сұраныс жоғары. Бүгінде барлық үздік спорттық телеарналар жаңа контент үшін кезекте тұр. Біздегі жарысқа барлық құрлықтың спортшылары қатысатындықтан, сарапшылар чемпионаттан бүкіл әлемге хабар таратылады деп болжап отыр. Әлем халқы алты күн бойы Алматы тауларындағы оқиғаларды тікелей эфирде тамашалап, әсем табиғатпен қоршалған жоғары сапалы спорттық шоуларды көрмек. Қорытындылай келе, біздің барлығымыз өз командамыз бен Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Жанбота Алдабергенова сияқты біздің танымал көшбасшы атлеттеріміз, сондай-ақ, ел намысын осы жарыста қорғауға мүмкіндік алатын дарынды жас спортшылар ойдағыдай өнер көрсетеді деп сенім артамыз», - деді
Андрей Крюков.
Сондай-ақ, кездесуде Қазақстан ұлттық құрамасының Бейжің-2022 Олимпиада ойындарына дайындығы, отандық спортшылардың нәтижелерін жақсартуға көмектесе алатын кеңесшілер ретінде командаларды даярлауға жетекші әлемдік мамандарды тарту мүмкіндігі талқыланды.
FIS фристайл бойынша директоры мұндай турнирлердің өткізілуі спорттың дамуына оң әсер ететінін айтып, қазақстандық спортшылардың деңгейін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Ринальди мырза Шымбұлақтағы трассаны тексеріп көргенін және қазіргі уақытта алдағы әлем чемпионатының ұйымдастыру комитетімен тығыз байланыста екенін атап өтті.
«Халықаралық федерация атынан Қазақстан Үкіметіне, Мәдениет және спорт министрлігіне және Ұлттық Олимпиадалық комитетке әлем чемпионатын қысқа мерзімде өткізуге дайын болғаны үшін алғыс білдіргім келеді. Бүгінгі күні Қазақстан үкіметі пандемияны бақылауға алды деп айтуға болады. Көптеген, тіпті, дамыған елдер денсаулық сақтау жүйесіне қауіпсіз саналатын пандемияны бақылау деңгейін қамтамасыз ете алмай отыр. Мұнда біз басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда жайлы ортада пандемиядан аман қалуға мүмкіндік беретін керемет тәртіп пен жоғары жауапкершілікті байқаймыз. Мұның бәрі сіздің елдегі мемлекеттік органдардың жоғары біліктілігі мен кәсібилігін көрсетеді. Бұл жарыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Чемпионатты қабылдайтын елді таңдауда қауіпсіздік басты критерий болып табылатынын атап өткім келеді. Әлем чемпионатының жоғары деңгейде өтуі үшін ұлттық федерацияның кәсібилігі жеткілікті екеніне сенімдімін. Әлем чемпионатының ұйымдастырушысын таңдағанда, Қазақстанның осындай жарыстарды өткізуде бай тәжірибесі бар екендігі ескерілді. Алматы-2022 олимпиадалық өтінімінің спорттық мұрасы әзірленіп, белсенді қолданылып, қаланы әлемдік қысқы спорт түрлерінің орталығына айналғанын көру көңілге қуаныш сыйлайды», - деді Андреа Ринальди.
Талқылау барысында маңызды мәселелердің бірі спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Андрей Крюков атап өткендей, өткен жылы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген карантиндегі ұлттық құрамалардың спорттық-жаттығу кезеңдері туралы арнайы ереже әзірледі. Осы ережелерді басшылыққа ала отырып, 2020 жылдың шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін 40-тан астам республикалық деңгейдегі жарыстар ойдағыдай өткізілді. Барлық чемпионаттарда спортшылар, қызметкерлер мен турнирлерді ұйымдастыруға қатысатын федерациялардың өкілдері үшін қауіпсіздікті және инфекциядан қорғауды нақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа ережелер енгізілді. Бұл шаралар әлем чемпионатын ұйымдастырудың ресми ережелеріне толықтай енетін болады. Қатысушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету ұйымдастырушылар үшін бірінші кезектегі міндет болады.
Фристайл могул мен акробатика бойынша әлем чемпионаты 8-11 наурыз аралығында Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өтеді. Сонымен қатар, бұрын хабарлағанымыздай,2021 жылдың 13-14 наурызда аталған спорт түрлерінен әлем кубогінің финалдық кезеңі өтеді.