"Өзінің экономикалық дамуындағы өтпелі кезеңді табысты аяқтаған Қазақстан алдағы жылдарда жаңаша сапалық өсімге дайын және оған қабілетті деп нық сеніммен айта аламыз", - деп мәлімдеді Н. Назарбаев бүгін "Қазақстан -2030" : алғашқы онжылдық қорытындысы және келешек" атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде.
"Біз "ақылды экономиканы" қалыптастыруға тиіспіз және ол ғаламдық өзгерістер мен ағымдарға үлгере ілесіп қана қоймай, белгілі бір салаларда одан оза алға жылжуға қызмет етуі қажет", - деді ол.
Президенттің пікірінше, "венчурлық қаржыландыру жүйесін дамыту басымдық берілген бағытқа айналуға тиіс". Бұған қоса "Еуропа, Азия, Ресей және Қытайдың нарығына шығу арқылы технологиялар трансферті тетіктерін белесе пайдалану қажет".
Н. Назарбаевтың атап көрсетуінше, республикадағы экономикалық өсімнің негізінде "жеке бастама мен кәсіпкерлікке ырық беру, белсенді сыртқы сауда мен инвестиция тарту" жатыр.
"Қазақстан қысқа мерзімде өнеркәсіп нысандарының 90%-тен астамын жекешелендіріп үлгерген, ашық, батыс ахуалына бейімделген қаржылық жүйесі бар мемлекетке айналды", - деді ол.
Сонымен бірге, "өткен он жылда еліміздің Жалпы ішкі өнімі 22 млрд доллардан 100 млрд долларға дейін, шамамен 5 есе өсті, ал жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім осы мерзімде 3,7 есе өсіп, ағымдағы жылы 7 мың долларға жақындап, Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттерінің көрсеткішімен теңесті".
Президент 10 жылда "негізгі капиталға салынған инветициялар көлемі арта түскенін, Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инветициялар 70 млрд доллардан асып", "жалпы Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80%-ін құрағанын" атап өтті. Сыртқы сауда айналымы он жылда 6 еседен артық өсіп, биыл 80 млрд долларға жетті.
"Ұлттық қор қаржысын есептегенде еліміздің халықаралық активтері $40 млрд құрады. Біздің жолымыздың басында мемлекет қазынасы бос болғанын ескерсек, біршама жетістікке жеттік деп айту керек", - деді Н. Назарбаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті