Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов мәлім етті.
Ағымдағы жылы 780 адам «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанғанын еске салған ол: «Магистратура бағдарламасына - 457, докторантураға - 25 және тағылымдамадан өту үшін - 298 стипендия тағайындалды», - деді.
Оның атап өтуінше, стипендиаттардың 121-і - мемлекеттік қызметшілер, 72-сі - ғылыми педагог қызметкерлер, 101-і - ЖОО түлектері, 298-і - тағылымдамадан өтушілер, 150-і - өз бетімен оқуға түскендер, 4-еуі - мәдени қызметкерлер, 34-і - БАҚ қызметкерлері.
«Бүгінгі күні әлемнің екі жүз үздік жоғары оқу орнында 1823 стипендиат оқуда. Стипендиаттардың басым бөлігі мына елдерде: Ұлыбританияда - 931, АҚШ пен Канадада - 648, Еруопа елдерінде - 229, Азияда - 63, Ресейде - 52 адам білім алуда», - деді Ғ.Нығметов.