Қазақстан жемқорлықты қабылдау индексі атты көрсеткіш бойынша 122-орынға дейін төмендеді - TRANSPARENCY INTERNATIONAL

2004-жылғы жемқорлықты қабылдау индексі 12 тәуелсіз ұйым өткізген 18 зерттеуге негізделген. Бұл индекске 3-тен кем сарапшылық баға берілген елдер қамтылмаған. Индекс зерттеуге қамтылған елдердегі мамандар мен кәсіпкерлердің көзқарастарын паш етеді. Қазақстанда 7 ұйым жемқорлықты қабылдау индексін тексерген.

Transparency International сарапшыларының пікірінше, Солтүстік Еуропаның Финляндия, Дания, Исландия, Швеция, сондай-ақ, жаңа Зеландия, Швейцария және Сингапур жемқорлық ең аз дамыған елдер санатына енеді. Бұл елдердегі индекс жоғары шегі 10 балл көрсеткішінің 9,1-9,7 баллын құраған.
Бұрынғы КСРО елдерінен Эстония (6 балл, 31-орын), Литва (4,6 балл, 44-орын), Латвия (4 балл, 57-орын) және Беларусьта (3,3 балл, 74-орын) жемқорлық аз белең алған. Ал Армения 82-орынға көтерілсе, Ресей керісінше 86- орыннан 90- орынға дейін төмендеді, Украина 122-орынға дейін төмендеп бұл тұрғыда Қазақстанмен бір сатыға табан тіреді. Грузия, Тәжікстан және Түрікменстан 133-орында, Әзербайжан - 140- орында тұр.
Transparency International баяндамасына сәйкес, индекс зерттелген 146 елден 106 ел 5-тен төмен балл жинады. 60 ел 3-тен төмен балл жинап, жемқорлық ең жоғары деңгейде екенін көрсетті. Әсіресе 2-ден төмен балл жинаған Бангладеш, Гаити, Нигерия, Чад, Мьянма, Әзербайжан және Парагвай елдерінде жемқорлық айрықша өршіп, өткір проблемеға айналды.
С.Злотниковтың айтуынша, жемқорлық барынша өршіген елдердің тізімінде мұнайдың ауқымды қорын иемденуші Ангола, Әзербайжан, Эквадор, Индонезия, Иран, Ирак, Қазақстан, Ливия, Нигерия, Ресей, Судан, Венесуэла, Чад және Йемен тәрізді елдер тұр. "Бұл елдерде мұнай өндіруге байланысты мемлекеттік келісім-шарттарына қол қою жүйесі жемқорлықтың шырмауына мейлінше іліккен. Соның салдарынан мұнай өндіру және сатудан түскен кірістің ауқымды бөлігі батыс компаниялары басқарушыларының, делдалдар мен жергілікті шенеуніктердің қалтасына түсуде",- делінген баяндамада.
Ал С.Злотниковтың айтуынша, жемқорлықты қабылдау индексін жария ету әзірге Қазақстандағы жемқорлыққа еш ықпал жасай алмай отыр. Ал республиканың мемлекеттік мекемелері Transparency Kazakhstan ұйымының ұсыныстарын жорта елемейді.