"Жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу мәселесі бойынша жалпы алғанда салық жүктемесін арттыруды қарастырып, салық төлеу тәртіптерін қайта қарау керек. Атап айтсақ, жер қойнауын пайдалану бойынша жаңадан жасалатын шарттарда өзара өнім бөлісу жөніндегі келісімді шарт жасасудың бір түрінен алып тастауды мұқият дәйектеу қажет", - деді Кәрім Мәсімов.
"Меніңше, бұл мәселені енді доғару қажет, бұған дейін қол қойылған келісімдер бойынша Қазақстан өзінің міндеттемелерін онда көрсетілгендей атқара береді, ал жаңадан ондай шарт жасасуды тоқтату керек", -деп нақтылады ол.
"Қазір біз басқаша өзгеше жағдайда өмір сүріп жатырмыз", -деп түсіндірді үкімет басшысы бұл қажеттілікті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі үкіметтен Өзара өнім бөлісу жөніндегі келісім-шарттарынан жер қойнауын пайдалану жөніндегі шарттардың моделі ретінде бас тартуды ұсынады. Бұл туралы "KazEnergy" қауымдастығының салық салу және заң шығару жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы барысында ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің салық саясаты және болжам департаментінің жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу жөніндегі басқармасының бастығы Ғалымжан Жақыпов хабарлады.
"Елімізде жұмыс істейтін жетекші мұнай компаниялары, соның ішінде шетелдік компаниялар да Шикізат өндіру саласындағы ашықтық жөніндегі бастамаға біріккен қазіргі жағдайда, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының дүниежүзіндегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің санатына кіру стратегиясын ескеру негізінде ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі Өзара өнім бөлісу жөніндегі келісім-шарттарынан жер қойнауын пайдалану жөніндегі шарттардың моделі ретінде бас тартуды ұсынады", - деді Ғ. Жақыпов.