"Бұл Оңтүстік Кореяның уранға деген сұранысының шамамен төртен бір бөлігін құрайды және еліміз бұл мөлшерді арттыра түсуге дайын",- деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан президентінің айтуынша, "Каспийдегі мұнай кеніштерін игеру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды". "Мұнда теңіз бен құрғақта геологиялық барлау және болжам жасау жұмыстары жүргізіледі. Осындай зерттеулер қорытындысы бойынша келісім-шартқа қол қойылады" дегенге Елбасы сенім білдірді.
Қазақстан жағының мәліметі бойынша екі жақты сауда-саттықты дамытуға кедергі келтіріп отырған басты себептердің бірі - тасымалдау саласындағы қиындықтар болмақ. Сол себепті Трансазиялық темір жол магистралінің солтүстік дәлізі бойынша, соның ішінде БҰҰ-ның ЭСКАТО жобасы аясында жүк тасымалы ағынын арттыру үшін екі елдің темір жол мекемелері арасындағы ынтымақтастықты пәрмендендіру қажет.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 227 млн. долларды құрады. Бұл 2003-жылғы көрсеткіштен 44 процентке артық. Қазақстаннан шығарылатын экспорт көлемі 49 процентке артты.