«Қазақстан-2050» демократиялық күштердiң жалпыұлттық коалициясы кезектен тыс президенттік сайлау бастамасын талқылауда


«Қазақстан-2050» демократиялық күштердiң жалпыұлттық коалициясының жұмысы елiмiздегi ең бiр беделдi де, өкiлеттi диалог алаңына айналды. Азаматтық қоғамның түрлi әлеуметтiк топтары мен жалпы тұрғындардың мүддесiн көздеген коалиция әр алуан көзқарас пен ұстанымдар иесi, саяси күштердiң ашық пiкiрталасы мен салиқалы үнқатысуын қамтамасыз етедi. «Кеңес қылған ел азбас», дегендей коалиция басқосулары барысында қызу талқылаулар жолымен әлеуметтiң ең бiр өзектi, әрi маңызды мәселелерi бойынша тұтас қоғамның ұстанымы қалыптасып жатады», - деді жиынды ашқан Б.Байбек.

Оның атап өтуінше, ел игiлiгi үшiн мемлекет тарапынан қабылданған iлкiмдi шаралар жөнiнен қалың жұртышылықты хабардар етуге, әрi азаматтардың оған деген сенiмiн нығайтуға сүбелі үлес қосушы жалпыұлттық коалиция қоғамның жұдырықтай жұмылуына, осы арқылы Елбасының мемлекеттiк бағытының жүзеге асуына өз септiгiн тигiзу үстiнде.

«Естерiңiзге сала кетсем, бiз мәселен, Қазақстанның ЕАЭО-қа енуi, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегияны қабылдау мәселелерiн жан-жақты сараладық. Әкiмдерді сайлау, жергiлiктi өзiн-өзi басқару, кәсiподақтар туралы аса маңызды жобалар баршамыздың өзара қызу талқылауымыздан өттi. Осының барлығы елде iске асырылып жатқан реформалар барысына өзiндік ықпал етiп, ел мүддесiн дiттеген қажеттi заңдардың қабылдануына жол ашты», - деді ол.

Партия Төрағасы бірінші орынбасарының айктынша, коалиция бүгiнде 6 жетекшi партия мен 18 iрi республикалық қоғамды бiрлестiктiң, сондай-ақ 500-ден астам өңiрлiк үкіметтiк емес ұйымның басын қосқан әлеуеттi ұйымға айналды.

«Сондықтан да, ұзын саны 6,5 млн-нан астам адамның мүддесiн көздеген жалпыұлттық коалиция бүгiн аса маңызды мәселе, ел Президентi сайлауын 2015 жылы өткiзу бастамасын талқылауа жиналып отыр», - деді Байбек.