Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда бірінші қазаннан бастап бірқатар өзгеріс күшіне енеді.

Халықаралық әуе рейстері қысқарады

Ел билігі қазан айынан бастап коронавирустың екінші толқынына жол бермес үшін карантинді күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 5 қазаннан басқа елдермен халықаралық әуе рейстері уақытша тоқтатылып, Түркияға рейстер қысқаруы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі, сонымен қатар, әуе қатынасы жанданған елдермен рейстерді ұлғайтпауды ұсынды.

Бұған қоса, екінші санаттағы елдерден келетін азаматтар үшін міндетті талаптар бекітіледі:

  • дене қызуын өлшеу;
  • сауалнама;
  • коронавирусқа тест тапсырғаны туралы анықтама (берілгеніне 3 тәуліктен аспауы керек).

Анықтама болмаған жағдайда, азаматтар коронавирусқа тексеру үшін екі тәулікке карантиндік стационарға оқшауланады.

Сондай-ақ, мемлекеттік шекараны кесіп өту бекеттерінде карантиндік стационарлар мен тестілеу ұйымдастырылады.

Темекі сату қиындай түседі

Күздің екінші айынан бастап темекі өнімдерін сатудың жаңа талаптары күшіне енеді. Енді олар міндетті түрде таңбалануы тиіс.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, темекі өнімінің кез келген айналымында шығарылған мерзімнен бастап 2D-сканер қолданылады. Сканер қажетті мәліметтерді оқуға және оларды фискалды деректер операторларына беруге мүмкіндік береді.

Міндетті таңбалау нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп, халықты контрафактілік өнімдерден қорғайды.

Ескі банкноталарды айырбастау тоқтайды

3 қазаннан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноталарды айырбастау кезеңі аяқталады.

Оған дейін ескі банкноталарды ұлттық банктің барлық аумақтық филиалында айырбастауға болады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2006 жылғы үлгідегі банкноталарды кезең-кезеңмен айырбастау 2016 жылдың қарашасында басталған.

Жолаушылар пойыздары жаңа кестемен жүреді


Қазан айынан бастап кейбір жолаушылар пойызы жиі қатынай бастайды.

Жүру жиілігі артқан пойыздар:

  • №1/2 "Алматы-2 – Шымкент" пойызы – аптасына 1 реттен 3 ретке дейін, Алматыдан-2 стансасынан 10 қазаннан, ал Шымкенттен 11 қазаннан бастап;
  • №11/12 "Алматы-2 – Шымкент" пойызы – аптасына 2 реттен 4 ретке дейін, Алматыдан-2-ден 13 қазанннан, ал Шымкенттен 14 қазаннан бастап;
  • №31/32 "Алматы-2 – Павлодар" пойызы – күн сайын, Алматы-2-ден 11 қазаннан бастап, Павлодардан 12 қазаннан бастап;
  • №603/604 "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Арқалық" пойызы – күн сайын, Нұр-Сұлтаннан 2 қарашадан, ал Арқалықтан 3 қарашадан бастап.

ШОБ-қа арналған жеңілдік

Президенттің тапсырмасына сәйкес, пандемиядан зардап шеккен бизнесті қолдау бағдарламасы 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Шағын және орта бизнес жыл соңына дейін еңбекақы төлеу қорынан бюджеттік емес қорларға аударымдардан босатылады.

Мәжіліс сайлауы

Қазан айында парламент сайлауының датасы жариялануы мүмкін.

Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Заң бойынша Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің қазіргі шақырылымының өкілеттігі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

Оңтүстік өңірлерге жылу беріледі

1 қазаннан бастап Ақтөбе мен Атырау облысында жылу беру маусымы басталады.

Ал Қазақстанның оңтүстігінде 15 қазаннан бастап жылу беру жоспарланып отыр.

Қазір жылу беру маусымы Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында басталды.