«Елімізде тәуекелдік топтар бар. Олар созылмалы ауруы бар 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті келіншектер, 60-жастан асқан қарттар мен жабық типті мекемелердегі адамдар. Яғни, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйіндегі адамдар мен медицина қызметкерлері. Оларға жұқпаға қарсы егулер міндетті түрде жасалады. Екпелерді олар өздерінің тұрғылықты жеріне қарасты поликлиникалар мен басқа да медициналық орталықтарда жасатады. Ал өз еркімен екпе алғысы келетіндер үшін ақылы түрде екпе алу қызметі қарастырылған. СК-Фармация мәліметінше, екпе бағасы 2100 теңгеден баасталып, 4200 теңгеге дейін жетеді», - деп атап өтті ОКҚ брифингте Ұлттық денсаулық сақтау орталығы инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов.
Маман тұмауға қарсы екпенің КВИ-ден сақтануға тікелей көмегі болмағанымен, респираторлы вирус қозатын маусымда тұмаумен ауру жеңіл өтеді деді.
«Климаттық белдеуде күз-қыс айларының келуіне байланысты жұқпалы аурулар өршиді. Жыл сайын Қазақстанда 500 мыңнан 1 миллионға дейін жіті респираторлық вирус тіркеледі. Осы аурулардың 64 пайызынан жоғарысын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Әрбір ауырған үш адамның екеуі бала деген сөз. Сондықтан тұмауға қарсы екпенің өзіндік пайдасы бөлек. КВИ-мен тұмаудың клиникалық өзгерістері ұқсас. Егудің тиімділігі тұмаумен аурымауыңызға кепілдік береді. Ауырған күнде де жеңіл түрімен өтеді», - деді ол.