Оқыту сабағын орталықтың 13 маманы меңгерді. Америкалық маман арнайы орталықтың мамандарының қажетті білімді тез сіңіріп, бірнеше жыл ішінде мықты маманға айналғанын атап өтті.
Білім министрлігінің ресми емес деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда осындай диагноз қойылған 18 жасқа дейінгі 1 956 бала бала өмір сүріп келеді. Өткен жылы олардың саны 1456 болған.
«Аутизм. Барлығымыз үшін бір әлем» бағдарламасы міндеттерінің бірі Қазақстанда медицина және педагогика мамандарын даярлау болып табылады.
«Бүгінде ABA-терапиясы баланың коммуникациясын, әлеуметтік қарым-қатынасын, мектептегі дағдыларын, өз өзіне көмек беру дағдыларын жақсартатын ең тиімді және жалғыз ғылыми дәлелденген әдістеме болып табылады. «Асыл Мирас» орталықтарында қолданылатын жарты жылдық оңалту курсының бағдарламасы тап осы әдістемемен жасалынған. Қазіргі уақытта аутизм ауруына шалдыққан 325 бала (бүгінгі күні Алматыда 165, Астанада 160 бала оңалтудан өтуде) Қордың Алматы мен Астанада орналасқан екі Орталығында тиімді терапия көмегімен күнделікті өмір дағдыларын үйренуде. Орталықта ата-аналардың жиналып, пікір алмасуына, ақылдасуына барлық жағдай жасалған», - деді «Ашық әлем» қорының соқұрылтайшысы, ата-аналармен жұмыс бойынша маман Диляра Нысанәлиева.
2016 жылы осыған ұқсас Орталықтар Қызылорда мен Өскеменде ашылады.
Айта кету керек, Қазақстанда аталған орталықтарда оңалту шарасынан өтуге 1000 бала кезекте тұр.
Америкалық маман ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға сіңуі үшін қоғам өзгеруі керектігін айтты.
«Жүріс-тұрыс терапиясының басты мақсаты қажет емес жүріс-тұрыс дағдысын алып тастау. Алайда, бір де бір әрекет бекер болмайды. Оның ар жағында бір мәселе бар. Аутист бала қажетсіз әрекет жасаса, ол сізге бірдеңе айтқысы кеп тұр. Көптеген ата-аналардың шыдамы жетпейді. Бірақ, аутист баланы оқыту мүмкін емес деген сөзді жоққа шығаратын едім. Мен өзім 1000 баланы оқыттым. Сондықтан, «Асыл мирас» қорының «барлығы үшін ортақ әлем» бағдарламасы қоғамда үлкен сілкініс тудыруы керек», - деді Марина Азимова.
Маманның айтуынша, аталған диагноз батыста мейлінше ерте қойылады.
«Жаңадан туған балаға алдына видео қосып, көз қарашығының қозғалысын бақылайды. Егер баланың назары бір жерге тоқтамаса, онда болашақта аутизм белгілері дамуы әбден ықтимал», - деді ол.
«Асыл Мирас». жекеменшік қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, мұндай диагностика тәсілі Қазақстанға да жақын арада жетеді.
«Біз жақын арада екіжақты әріптестік аясында өзіміздің мамандарымызды АҚШ-қа оқуға жібереміз. Сондай-ақ, ерте жастан аутизм диганозын анықтау тәсілін де Қазақстанға әкелу жоспарда бар», - деді Марат Айтмағамбетов.