Қазақстанда 2007 жылдың қыркүйегінде "Байқоңыр - Антитеррор" атты халықаралық антитеррористік жаттығулар өткізу жоспарлануда (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 25 - сәуір. Kazakhstan Today. Қазақстанда 2007 жылдың қыркүйегінде "Байқоңыр - Антитеррор" атты халықаралық антитеррористік жаттығулар өткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ТМД-ға мүше елдердің қылмыспен күрес саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыратын органдардың үйлестіру кеңесі барысында ТМД-ның Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Гаркун мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бұл іс-шараларға халықаралық ұйымдардан келген әріптестеріміз қатысады, деген үміттеміз",- деді В. Гаркун. "Мұндай жаттығулар соңғы рет Арменияда 2006 жылы өткен болатын",- деп қосты ол.

Агенттік тілшісіне берген сұхбатында ТМД-ның Антитеррористік орталығы басшысының бірінші орынбасары Бексұлтан Сәрсеков, антитеррористік жаттығуды Байқоңыр ғарыш айлағы ауданында өткізу туралы сөз болғандығын нақтылап өтті. "Жаттығудың егжей-тегжейі туралы айту әзірге ертерек - біз оларды ең жоғары деңгейде өткізуге елбасының (Нұрсұлтан Назарбаев - Kazakhstan Today ескерт.) нақты келісімін жақында ғана алдық", - деп түсіндірді Б. Сәрсеков. Ол, "оның егжей-тегжейін екі айдан кейін, бізде жұмыс тобы құрылып, барлық жоспар дайындалғанда айтуға болатындығын" айтып өтті.

Сонымен қатар ол, аталмыш жаттығудың негізгі мақсаты "барлық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді пысықтау" болатындығын атап өтті. "Ресей Федерациясының арнаулы бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің антитеррористік орталығы қатысады, егер мүмкіндік болса басқа да мемлекеттердің бірқатар арнаулы қызметтерінің өкілдері қатысады (жаттығуға - Kazakhstan Today ескерт.) деп жоспарлап отырмыз",- деді ТМД Антитеррористік орталығы төрағасының бірінші орынбасары.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті