Қазақстанда 2008 жылдың 1 қаңтарына дейін үлес қаржысына құрылыс салуға рұқсат беру тоқтатылады

"Облыстар, Алматы және Астана қалаларының әкімдері 2008 жылдың 1 қаңтарына дейін үлескерлердің қаржысына жаңадан құрылыс сала бастауға рұқсат беруді тоқтататын болсын. Рұқсатты "Тұрғын үй құрылысына үлеспен атсалысу жөніндегі" заңдағы жаңа ережелерге сәйкес бере бастайтын боламыз", - деп түсіндірді Кәрім Мәсімов.

Бұған дейін кеңесте еліміздің индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов өзі басқаратын мекемеге "үлес қосушылардың құқығын қорғау үшін үлескерлердің қаржысына салынатын құрылыс жөніндегі заңнаманы қатайтуға" тапсырма берілгенін тағы бір атап өтті. "Біз осы жөніндегі заң жобасын жасап, үкіметке енгіздік, министрлер кабинеті бұл жобаны осы аптаның аяғына дейін толық дәйектейді деп сенемін", - деді министр.

Өз кезегінде Кәрім Мәсімов "аталған заң жобасын бір аптада парламентке енгізуге" тапсырма бере келе, осыдан кейін ғана оған қатысты шешімді жедел шығаруды сұрайтынын атап өтті.

Кеңестен кейін журналистерге сұхбат берген Ғ. Оразбақов заңнамаға енгізілгелі отырған қатайту ережелерінің сипатын түсіндіре кетті. "Біз банкроттық туралы заңда үлес иелерін 5 -ші кезектен 3-ші кезекке қарай жылжытуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, үлес иелерімен жұмыс істейтін құрылыс компаниясының тұрғын үй ғимараттарны салу тәжірибесінің үш жылдан кем болмауын қарастыруды, сондай-ақ, осындай компанияларға қойылатын қаржылық талаптарды күшейтуді көздеп отырмыз", - деді министр.

"Қазіргі қолданыстағы заңнамада құрылыс компаниясында 12 проценттік өз капиталы болуға тиіс деп көрсетілген. Алайда, біздің пайымдауымызша, бұл норма мүлдем жұмыс істемей отыр, сол себепті не бұл нормативті арттыру, не болмаса, өз капиталы жөнідегі талаптан депозиттік жүйеге көшу қажеттігі туындады", -деді Ғ. Оразбақов.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті