Қазақстанда 2008-жылға дейін кәсіби білім беретін 27 оқу орны құрылады

Сонымен бірге республикалық бюджеттің есебінен техникалық қызмет көрсету саласының мамандарын дайындау және қайта дайындауға арналған аймақаралық кәсіби 4 орталық құру көзделіп отыр, деді ол.

Сондай-ақ, Х.Өтеулинаның айтуынша, алдағы жылдары Қазақстанда балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелеріне қамту көрсеткішін 30 процентке жеткізу, 5-6 жастағы балаларды 70 процентке дейін мектепке дайындық аясына қамтуды біртіндеп жүзеге асыру межеленген. “2006-жылы республикалық бюджеттен балабақшаларды салуға 1 млрд. теңге бөлінді. Біз бұл деңгейді алдағы жылдары да сақтап қалуға тырысатын боламыз”,- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2010-жылға дейін білім беру саласын дамытуға 330 млрд. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 175,8 млрд. теңге, жергілікті бюджет есебінен 155 млрд. теңге бөлінеді.

2010-жылға дейін білім беру саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 249 жаңа мектеп, оның ішінде республикалық бюджеттің есебінен 176 мектеп салынады. 2006-жылы бұл мақсатқа 15 млрд. теңге бөлінді. 2005-жылы елімізде 20 мың орынға есептелген 50 мектеп ашылды, 983 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, 6,5 мың тектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.