"Кедендік бақылаудың интеграциялық жүйесі "бір аялдама, бір терезе" принципін енгізуді, өткізу бекетіндегі қызметтердің санын азайту, олардың функциясын кедендік органдарға беруді көздейді", - деді бүгін үкіметтің отырысында сөз сөйлеген қаржы министрі Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, бұл принципті енгізу заңнамаға "шекарадағы автокөліктерді өткізетін бекеттерде кедендік органдарға транспорттық, мал дәрігерлік, фитосанитарлық, санитарлық-эпидемилогиялық бақылау функцияларын беру" жөнінде өзгерістер енгізуді талап етеді.
"Кедендік бақылаудың интеграциялық жүйесін енгізу шұғыл басқару орталығының базасында мекемеаралық мониторинг жүйесін құрып, рұқсат құжаттарының саны мен оларды беру мерзімін қысқартады, сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметін қоспағанда өткізу бекеттерінен бақылау функциясын жүк терминалдары мен кедендік рәсімдеу орталықтарына өткереді", - деді Б. Жәмішев.
Министрдің атап көрсетуінше, Қазақстанға мұндай жүйе құруды Дүниежүзілік сауда ұйымы ұсынып отыр. "Интеграциялық бақылау дегеніміз, шекарада өркениетті бақылау жүйесі бар елдердегі процедура", - деді Б. Жәмішев.