Дегенмен министрліктің сарапшылар тобы қазіргі ҰБТ форматын жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр.
«Жоспар бойынша, тестілеу жалпы білім беретін мектеп бағдарламасын тексеруге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, оқушылардың функционалды сауаттылық деңгейін тексеретін тапсырмалар да пайдаланылады», - делінген хабарламада.
Функционалды сауаттылықты тексеру барысында оқушының алған білімін іс жүзінде пайдалануға қабілеті сарапқа салынады.
«Егер бұрын оқушының өткен материалды қаншалықты игергені тексерілген болса, бұдан былай баланың алған білімін іс жүзінде пайдалануға дайындығы көбірек сараланады», - делінген хабарламада.
2012 жылдан бері ҰБТ базасы логикалық тапсырмалармен толықтырылып келеді.
«Тапсырманың бәрін бірден ауыстыру мүмкін емес, біртіндеп жасап жатырмыз. Өйткені, балаларды осы тапсырмаларды қабылдауға дайындау қажет. Мұғалімдер балаларды аталған тапсырмаларды қабылдауға үйрету үшін апробациялар өткізіледі, сынақ түрінде тест өткізіледі. Ол балаларға төбеден жай түскендей әсер етпеуі керек», - дейді сұхбат беруші.
2015 жылы түлектер ҰБТ сынақтарын 5 пән бойынша тапсырады: қазақ немесе орыс тілі (қай тілде білім алғанына қарай), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілі/қазақ тілді мектептер үшін орыс тілі және бір пәнді оқушы өз қалауы бойынша таңдайды. Әр сабақ бойынша 25 сұрақ берілген. ҰБТ тапсыруға 3,5 астрономиялық сағат немесе 210 минут беріледі.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір екі сатылы тестілеу жүйесіне дайындық шеңберінде заңға енгізілетін түзетулер әзірленіп жатыр.