Қазақстанда 20-ға жуық кәсіпорын мектеп формасын тігумен айналысуда

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа оқу жылына оқушылар мен олардың ата-аналары ғана емес, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары да белсенді дайындалуда. Дұрыс таңдалған мектеп формасы баланың денсаулығы мен жақсы көңіл-күйіне әсер етеді. Министрліктен мәлім еткендей, мектеп формасы ең алдымен гигиеналық талаптарға сай болуы керек. Яғни, баланың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Ата-аналар да баланың бұл киіммен 5-6 немесе одан да көп сағат өткізетінін есте ұстағаны жөн. Сол себепті, форма жасалған материалдың сапасына назар аударудың маңызы зор.

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп киімдерін Алматы қаласының "Angelcher" ЖШС, "Сымбат" Сән Академиясы" ЖШС, "Семирамида" тігін фирмасы" ЖШС, "Қазлегпром-Алматы" ЖШС, "ALTEX" ЖШС, "КазСПО-N" ЖШС және "KazтеХ" ЖШС кәсіпорындары тігеді. Сондай-ақ, осы бағытта Солтүстік Қазақстан облысында "Lider PROF FASHION" ЖШС және Sens Fashion, Жамбыл облысында "Аленсия" ЖШС, Павлодар облысында "КазПрофБезопасность" ЖШС және Нұр-Сұлтан қаласында "Данмард" ЖШС жұмыс істейді. Ал Түркістан облысында "GOLDENNOMAD" ЖШС Сайрам ауданының мектептерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сарыағаш және Төлеби аудандарының оқу орындарымен келісімге де қол жеткізілді.

Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бір түсті гаммада болады және үштен артық түс қосылмауы тиіс. Сондай-ақ, түстер аса ашық болмауы қажет. Бұл ретте мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі. Ол – күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.


Ұлдарға арналған мектеп формасы: пиджак, кеудеше, шалбар, салтанатты көйлек, күнделікті көйлек (қысқы кезең: трикотаж кеудеше, водолазка). Ұлдарға арналған шалбар еркін пішілген және ұзындығы тобықты жабатындай болуы тиіс. Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, кеудеше, белдемше, шалбар, классикалық жейде (қысқы кезең: трикотаж кеудеше, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбар еркін пішілген және ұзындығы тобықты жабатындай болуы тиіс.

Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдайларды, сабақтарды өткізу орнын және температуралық режимді ескере отырып енгізіледі. Киімдер төзімділігі жоғары, бактерияға, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталарынан тігіледі.