Қазақстанда 50 мың нашақор бар, олардың үштен екісі жастар мен жасөспірімдер - ҚР денсаулық сақтау министрлігі

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстанда 50 мың нашақор бар, олардың үштен екісі - жастар мен жасөспірімдер .

Ал БҰҰ сарапшыларының дерегі бойынша, есірткі тұтынушылардың саны ресми деректерден 10 есе артуы мүмкін. Психикалық қоздырғыш заттарды тұтына бастағандардың орташа жас мөлшері - 12-14 жасты құрайды. Әрбір есірткі тұтынушы 1 жылда кем дегенде 10 адамды теріс жолға түсіреді екен.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың бастамасы , БҰҰ-ның есірткі және қылмысқа бақылау қою басқармасының қолдауымен елімізде "Балалар мен жасөспірімдердің есірткі тұтынуының алдын алудағы ата-ананың ролі" тақырыбында ақпараттық шара ұйымдастырылуда.
Шараның мақсаты - ата-ананың есірткі жөніндегі ақпараттық хабардарлығын ұлғайту болып табылады. Осы мақсатпен ата-аналарға арнап нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық үнпарақтар мен видеороликтер шығарылды. Бұл материалдар республика облыстарына түгелдей таратылады деп күтілуде.
Жыл сайын 26-маусымда есірткі және заңсыз есірткі айналымымен Дүниежүзілік күрес күні атап өтілетіні белгілі. Биыл БҰҰ-ның бастамасымен бұл күн "Есірткі туралы ой бөлісейік" деген ұранмен өткізілмек. Қазіргі жағдаймен дүниежүзінде тыйым салынған есірткі түрлерін тұтынатын 200 млн. адам бар, бұл- жер шары халқының 4,7 процентін құрайды.