Қазақстанда ағаш кескен үшін айыппұл мөлшері 5 есе артатын болды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Палата спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, "қоршаған ортаны ластаушы төлейді" және "ластаушы түзетеді" қағидалары енгізілген.

Яғни, кәсіпорын экологияға келтірілген зиян үшін міндетті түрде өтемақы төлейтін болады. Қазір олар айыппұл төлесе де, ластануды жалғастыруда, - дейді ол.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік күшейтілетін болады.

Сенаторлар тиісті нормаларды қарастырып, оларды заң жобасына енгізді. Осыған сәйкес, ағаштарды кесу үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 5 есеге артады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қайтадан құқық бұзушылық немесе ағаш кесілген жағдайда ірі кәсіпорындарға 1500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер келтірілген залал 100 АЕК-тен асса, онда тәртіп бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыған байланысты айыппұл немесе мүлікті тәркілеу және қоғамдық жұмыстарға тарту, мүлікті тәркілеу мен түзеу жұмыстары қарастырылған, - деді Сенат басшысы.

Мәулен Әшімбаев заң күшіне енгеннен кейін уәкілетті орган осы және басқа да нормаларды түсіндіру жөніндегі жұмысты сапалы ұйымдастырып, олардың іске асырылуын қамтамасыз ету тиіс екенін айтты.


Экологиялық кодекс және оған ілеспе заң жобалары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған және еліміздің экологиясын қорғаудың жаңа жолын ашады, - деді палата спикері.

Еске салсақ, әлеуметік желі қолданушылары Sulpak компаниясы көпжылдық 11 ағашты түбімен кесіп тастағанын айтып, наразылық білдірген.