Ұйымдастырушылар бұл іс-шараны бүгін басталған әлем чемпионатына арнап отыр.
Чемпионатқа сән агенттіктері атынан төрт команда қатысты. Төрешілер құрамында спорттағы беделді адамдар бар. Футболдан ұлттық жаттықтырушы Виктор Черненко сайыстың бас төрешісі болды.
Чемпионат «Олимпия» мейрамханасының алдындағы шағын футбол алаңында өтті. Екі жартылай финал мен финалдық ойындардың нәтижесі бойынша «Қазақстанның Мисс футболы - 2010» таңдалды.
«Деңгейін есептесек, алғашқы рет өтіп отырғанына қарамастан, ойын салмақты болды. Допты ұршықша үйіретін қыздар да бар», - деп өз пікірімен бөлісті В. Черненко.
«Қазақстанның Мисс футболы - 2010» атағына 21 жастағы сән көрсетуші Ольга Мищук ие болды. «Бұрынғы спортшы болғандықтан, мен үшін бұл дәреже «Қазақстан аруына» қарағанда әлдеқайда жақсы», - дейді ол.
Көрермендердің бағасы бойынша, көрініс қызықты өтіп, бұл ойыннан жақсы шоу шықты.