Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ұжымдасып инвестиция салу жөніндегі жаңа құрылымның құқықтық ережелері жуырда қабылданған "Инвестициялық қорлар туралы" ҚР заңында бекітілген. Заң заңды тұлға құрмай-ақ осындай қорлар құруды регламенттейді. Бұл осындай қорлардың инвесторларына салық бойынша жеңілдік (корпоративтік салықтан бостау туралы) береді.
Жарналық қор құрудың басты мәні заңды және жеке тұлғалардың қаржысын болашақта инвесторлардың пайда табуы үшін құнды қағаздар мен келешегі бар жобаларға инвестиция ретінде жұмсауға тартуға саяды.
"Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі Compass компаниясы" АҚ-ның бақылау кеңесінің төрағасы Айдын Кәрібжановтың айтуынша, "Compass тікелей инвестициялар" жарналық қоры тек құнды қағаздарды ғана емес, сонымен бірге, табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың үлесін де сатып алумен бірге венчурлық жобаларға да атсалысады. Ал "Compass портфельдік инвестициялар" қоры қазақстандық және шетелдік эмитенттердің акциялары мен облигацияларын сатып алуға маманданады.
2004-жылдың шілде айының аяғында, жарналық қорды құру жаңадан жоспарланып жатқан сәтте "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі Compass компаниясы" АҚ-ның жетекшілері қор бөлшек банкинг (тұрғындар депозиті) саласына балама ретінде құрылатындығын мәлімдегеніне қарамастан, екі қор да орта және шағын инвесторлармен жұмыс істеуді көздеп отырған жоқ. А.Кәрібжановтың айтуынша, қорға кіруге құқық беретін ең төменгі деңгей 100 мың долларды құрайды. "Біз үшін ұсақ инвесторлармен жұмыс істеу ауыр әрі ол өте қымбатқа түседі. Таяу перспективада біз өз қорларымызға орташа статисикалық салымшылады тартуды көздеп отырған жоқпыз",- деді ол.
Дейтұрғанмен, қор басшылары 2004-жылдың аяғына дейін 3 млрд. доллар көлемінде инвестициялық қаржы тартуға мүмкіндік туады, оның үштен екі бөлігін жеке тұлғалардың жарнасы құрайды деген сенімде.
А.Кәрібжановтың пайымдауынша, Қазақстандағы жалпы экономикалық ахуал елімізде табысы жоғары адамдар санының ұлғаюына түрткі болуы тиіс. Бұл қаржы автокөлік немесе қозғалыссыз мүлік сатып алуға, немесе, кірісі тұрақты болса да төмен болып келетін банк депозиттеріне салынуда. "Біз инвесторлар қаржысының кірістілік деңгейі банк депозиттерінің өсімінен біршама жоғары болатын жаңа қаржылық құрал ұсынып отырмыз",- деді А.Кәрібжанов.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың пікірінше, екі жарналық қордың тіркелуін Қазақстанда жарналы инвестициялық индустрияны құру жолындағы алғашқы қадамға санауға болады.