Қазақстанда әмбебап өрт сөндіру қызметін құру туралы ұсыныс жасалды

«ТЖ министрі Владимир Божкоға өрт сөндірушілерге құтқарушы функциясын беру мүмкіндіктерін қарастыруды өтініп, хат жолдау туралы ұсыныс жасаймын» - деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Таразда өткен алқа отырыста.

Аймақ басшысының айтуынша, жолдарда төтенше жағдайлар мен жол апаттарының жиілеп кетуіне байланысты осындай қажеттілік туындап отыр. Ал, «өрт ондай жиі бола бермейді» деді ол.

«Біздің облысымызда бір ғана құтқару қызметі жұмыс істейді. Ол да Таразда орналасқан. Қанша шұғыл қимылдағанның өзінде олар кейбір аудандарға жарты сағаттан астам уақытта зорға жетеді. Осы уақыт ішінде адамның өмірін сақтап қалуға болады», - деді К.Көкірекбаев.

Әкімнің ойынша, өрт сөндірушілерді арнайы дайындықтан өткізіп, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсе қаза болғандар мен ауыр жарақат алғандар санын қысқартуға болар еді.