Қазақстанда әрбір ұлттың арасындағы қарым-қатынас тілі мемлекеттік тіл болуы қажет - Мәжіліс депутаты Р. Халмұрадов

- Елбасы 2050 жылға дейінгі уақыт аралығын жеті бесжылдыққа бөлді және екі кезеңге, яғни, 2030 жылға дейін және одан 2050 жылға дейінгі кезең деп бөліп, сол жылдар ішінде не істеу керек, қандай жетістікке қол жеткізу қажет, қандай проблемаларды шешу керек, міне осылардың әрбірін нақтылап, шегелеп, анықтап айтып берді.

Алда тұрған отыз елдің қатарына ену міндетін іске асыру үшін жеті басымдықты айқындап берді. Жинақтай келгенде сол жеті бағыттың ортақ мақсаты - еліміздің экономикасын көтерудің нәтижесінде халқымыздың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту.

Бүгінгі таңда әркімнің атқарып жатқан жұмыстары бар, әркімнің өз көзқарасы бар. «Мен осы салада еңбек етіп, еліме өз үлесімді қосамын» деген арман-мақсаты болатыны сөзсіз.

Биылғы Жолдаудағы менің көңіліме жақындау болған бірнеше бағыттар бар. Соның бірі - агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бұл саланы Елбасы екінші басымдық ретінде алып отыр. Себебі әлемде халықтың саны жылдан жылға өсіп келеді. Тұрғындардың қатары көбейген соң, азық-түлікке деген сұраныс та арта түседі. Мысалы, кез келген адам өзінің үстінде пальтосы не костюмі, аяғында бәтеңкесі болса, оны бірнеше жыл бойы күтіп киюіне мүмкіндігі бар. Бірақ адам тамақты күнде жеуі қажет. Оның үстіне таңертең және түсте тамақтанасың, кешке де тамақ жеп жатуың керек. «Тамақты бүгін жемей-ақ қояйын, келесі аптада тамақтанамын» дейтін ешкім болмайды. Сол себепті азық-түлік сұранысы арта беретін болады. Елбасы да осы жайтты айтып өтті. «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл - біздің дәстүрлі саламыз»,- деді Мемлекет басшысы. Сондықтан Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы үлкен мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет. Алла тағала қазақ халқына, Қазақстанға жерді молынан берген. Біз жер көлемін бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрмыз.

- Еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Ертеректе 222 млн гектар ауыл шаруашылығының жері болатын. Қазір соның 91 млн гектар жері ауыл шаруашылығы айналымында. Суармалы алқаптарымыздың көлемі 2,5 млн гектар болған. Қазір соның 1,4 млн гектарын пайдаланамыз. Қалғаны айналымнан шығып қалған. Осы орайда, Елбасы жерді тиімді пайдалану туралы нақты тапсырма берді. Жерді кез келген адамға емес, қайта қарап,  оны пайдаланып, өзі пайда табатын және халыққа пайда беретін, сапалы өнім өндіретін адамдарға беру мәселесін көтерді. Мен мұны өте дұрыс мәселе деп ойлаймын.

Елбасы ауыл шаруашылық жерлеріне инвес­тиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке кү­шейетінін, ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер коопера­циясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жою қажеттігін айтты.

Елбасының бұрынырақ берген тапсырмасы бойынша пайдаланылмай, бос жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекеттің игілігіне қайтарып, ертеңгі күні ол жерлерді нақты игеретіндерге бөліп беру жұмыстары атқарылып жатқан еді. Соны тездетіп ретке келтіру қажет. Жерді пайдалануды жолға қою қажеттігін айтты. Өйткені азық-түлік өнімі сол жерден алынады. Айталық, 1 млн гектар суармалы жер айналымнан шығып қалды делік. Сол алқапты қайтадан пайдалану үшін іске қоссақ, әр алқапта екі адамнан жұмыс жасағанның өзінде, екі млн адамның тұрақты жұмыс орны болады. Әр гектардан 500 мың теңгеден табыс табатын болса, елдің жалпы ішкі өніміне жарты триллион теңге үлес қосылады. Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2013 - 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы бар. Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жолдауында 2050 жылға қарай ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесін бес есеге көбейту, 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттыру және еңбек өнімділігін ұлғайту міндеттері алға қойылған болатын.

  Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттырудың негізгі бір факторы - осы суармалы жер алқаптарын көбейту. Өйткені суармалы алқап тұрақты өнім береді. Енді осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуі керек. Жолдауда жерге қатысты айтылған ең негізгі мәселе осылар.

- Халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында тағы қандай басты мәселелерге маңыз берген жөн деп ойлайсыз?

- Мемлекет басшысы өз сөзінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесін көтерді. Осы бағытта көп жұмыстар жасалып та жатыр. «Бизнестің жол картасы - 2020» атты бағдарлама бар. Аталған салаға үлес қосамын дегендерге шағын несие де беріліп жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша жөнсіз тексерулерді азайту ісі қолға алынды. Заңдарға толықтырулар да енгізілді. Яғни, заңнамалық тұрғыда мәселелер шешіліп келе жатыр. Президент бұл тұрғыда Үкімет, барлық атқарушы билік жүйесі шағын және орта кәсіпкерлікке тек қана қолдау көрсететін органға айналуы керек деген міндеттеме қойып отыр. Егер аудан, қала, облыс әкімшілігі шағын және орта кәсіпкерлікке Елбасының көзімен қарайтын болса, Елбасы айтқандай жұмыс жасайтын болса, аталған сала әлдеқайда ілгері басып кеткен болар еді. Президент шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің кемінде 50 пайызына жеткізу мәселесін қойды. Бізде осыдан он жыл бұрын бұл көрсеткіш 17-20 пайыз көлемінде болатын, әлі сол деңгейден аса алмай тұрмыз.

Елбасының тағы бір айтқан ойы көңілімізге қонды. Қазақтың салт-дәстүріне сәйкес келетін идеяны алға тартты. Ол шағын бизнесті атадан балаға мұра ретінде қалдыру мақсатында отбасылық дәстүрге айналдыру қажет екенін айтты. Бұл тамаша ұсыныс. Айталық, бір адам ауылда күнбағыс майын шығаратын шағын цех ашып, ол әкеден балаға беріліп, өнім өндіру ауқымы ұлғая берсе, жұмыс істейтін адамдардың саны арта берсе, міне, ол да отбасылық мұраның бір көрінісі болмақ. Отбасылық бизнеске жол ашуымыз қажет.

- Отбасылық бизнесті дамытушыларды баспасөзде де насихаттаған жөн шығар? Бұрын ауылдарда шебер ұсталар болған еді ғой? 

- Иә, атадан балаға мұра болған мамандықтар аз емес. Қолөнер шеберлері көп, ісмерлер кілем тоқыды, ағаш немесе темірден түйін түйген ұсталар болды. Бір әулеттің атағын шығарған құмыра, бағалы ыдыстар жасайтын шеберлер де көп. Бір азамат ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысса, ол елдің тарихи-мәдени құндылықтарын сақтауға үлес қосқан адам ретінде де құрметке бөленетіні сөзсіз. Шағын бизнестің барлық саласын отбысылық дәстүрге айналдыру қажет. Әкесі бастаған істі балалары жалғастырғанға не жетсін! Әсіресе, бұл ауылдық жерде өте қажет дәстүр. Егер осы саланы дамыту үшін заңнамалық қолдау қажет болса, қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуге біздер де әзірміз. Сонда мемлекет тарапынан да қолдау жасағанымыз болып табылады. Осындай мәселелерді нақты шешіп, жүзеге асыратын заман келді.

- Елбасы Жолдауынан туындаған тағы қандай ойыңыз бар?

- Келесі басымдықтардың бірі ретінде Елбасы ғылымды дамыту мәселесін көтерді. Ғұлама ғалымдарымыз «ғылымсыз болашақ жоқ» деп айтады. Шын мәнінде, ғылым болмаса, алға басу да болмайды. Біз қазір инновациялық жобаларды іске асыру, жаңа өнімдер шығару мәселесін айтып жатырмыз. Соның бәрі ғылым арқылы болады. Сол себепті 2011 жылы, төртінші шақырылым кезінде «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылдадық. Сол Заң қолданысқа енгеннен кейін ғылымға бөлінетін қаржы жылдан жылға артып келе жатыр. Айталық, 2012 жылы 54 млрд көлемінде болса, өткен жылы 60 млрд теңге бағытталды. Енді биылғы Жолдауында Елбасы 2050 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-нің үш пайызына дейін арттыру жөнінде Үкіметке міндет жүктеді. Бұл өте қомақты қаржы. Өйткені біздің жалпы ішкі өнімнің өзі жылдан жылға артып барады.

Ғылымды жаңа заман талаптарына сай дамыту міндеті алға қойылып отыр. Бір жылдары біздер израильдік технология бойынша тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіргенбіз. Израильдың өзінен әкелінген қызанақ дәнінен өсірілген өнім жүз тоннаға дейін өнім берген болатын. Ол біздің өсірген өнімдерімізден екі-үш есе көп. Себебі оның тұқымы сондай. Және израильдік өнімді комбайнмен жинайды. Бір ғажабы, қызанақтың 95 пайызы бір уақытта піседі! Комбайн бір өтеді де, бәрін теріп алады.

- Әр қызанақтың түбін бір шалып жүрмейсіз?

- Иә, қолмен термейсің. Міне, ғылымға қаржы бөлгенде, өндіріске осындай жаңалықтарды енгізу қажет. Сондықтан біздің Ғылым Академиясының және ғалымдарымыздың алдында тұрған міндет те өте үлкен әрі жауапты.

- Өзге елдер ғылыми жетістіктерін пайдаланып жатқанда, біз неге артта қаламыз дейсіз ғой?


- Әлбетте. Мысалы, мақта саласын алсақ та, басқа саланы дамытсақ та, өнімділігі жоғары, біздің табиғатымызға сәйкес келетін, ауа райымызға бейімделген көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін шығарумен айналысуымыз керек. Тіпті әлемде жоқ өнім өндіретін кәсіпорынды Қазақстанда салу мәселесі бәрімізді де ойландыруы тиіс. Ғылым экономиканың, өндірістің бес-алты қадам алдында жүруі тиіс. Заң жобаларын жариялап, «Жоғары өнім алу үшін мынау бірінші, мынау екінші тәсіл және мынадай үшінші әдіс бар» деп жаңа технологияларды ұсыну ғалымдардың міндеті. Яғни, бізің келешегіміз ғылыммен тікелей байланысты.

- Жолдаудың негізгі арқауы болған идеяны атап өтсеңіз?

- Елбасы халқына арнаған сөзінде Қазақ елінің Мәңгілік ел екенін, оның мемлекеттік тілі мәңгілік тіл болды деп нақты шегелеп айтып берді. Болады емес, болды! Бұл осы елдің азаматы болып, «Мен Қазақстанның патриотымын» дейтін болса, мемлекеттік тілді білу - міндеті әрі парызы!

Мәңгілік тіл болғаннан кейін, тілді білмей, мәңгүрт болып жүрсе, ол қандай азамат болады, қандай патриот болады?!  Мемлекеттік тілді білген адам сол елге ойдағыдай қызмет те жасай алады. Сол себепті әрі-бері созбалап жүрген адамдарға мен: «Қазақтың жерінде өмір сүріп, осы жерде табыс тауып, бала-шағаңды өсіріп жатсаң, осы елдің тілін білуге әрекет жаса!»- деп айтар едім. Қазір тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалған, тегін оқытып жатыр. Тіпті шетелдің тілін ақша төлеп, арнайы мұғалімге барып, үйреніп жатыр ғой. Ал біз қазақ тілін тегін үйрететін орталықтар құрып қойдық. Керек болатын болса, әрбір мекемеде бар. Мемлекеттік органдарда қазақ тілін үйренемін деген әрбір мемлекеттік қызметшіге 45-50 мың теңге қаржы жұмсалады. Арнайы курс ұйымдастырылып, қазақ тілінің мұғаліміне ақша төлеп отыр. Жұмыстан кейін және жұмыс уақытында оқытады. Мысалы, Парламентте таңғы 8-30-дан 9-30-ға дейін қазақ тілін оқыту курсы өтеді. Осындай жағдайлар жасалып жатса, оқулықтар, әдістемеліктер шығарылған болса, тілді неге үйренбеске?!

- «Біз баяғыда оқи алмай қалдық» деп өткен қоғамдық жүйеге кінә артудың қажеті жоқ дейсіз ғой?

- Оның бәрі бос сөз! Мысалы, бізде Мұрат Ахмадиев деген әріптесіміз бар. Соның бір қызы Қазақстанда мектеп бітірді, Шанхайға барып, бір жыл қытай тілін үйренді. Сөйтіп, қазір қытайша сөйлеп, қытайша жазып, Шанхай университетінде оқып жатыр. Бір жылда қытай тілін үйренді. Қазақ және орыс тілін өз алдына біледі.

Ал бізде бәленбай жыл бойы мемлекеттік қызметші болып жүріп, «Тілді үйрене алмай жатырмын, орысша оқып едім» деген сылтаулар айтады. Ол тек сылтау. Тілді үйренемін деген адамға меңгерудің ешқандай қиындығы жоқ. Ол үшін оқып, үйреніп, қазақ тілінде сөйлеу керек. Ал сөйлемей жүре берсең, нәтиже болмайды. Соған орай халқымыз «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деп бекер айтпаған ғой. Міне, жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Виктор Павлович Рогалев қосымша баяндама жасады. Қазақшалап сөйледі ғой! Әдемі, жатық сөйледі. Солай әрекеттене беретін болсақ, тіл білетіндердің қатары өсе берер еді. Қазақ тілі қытай тілі емес қой. Үйренемін деген адамға қиынға соқпайды.

Қазақ тілі - әлемдегі ең бай тілдің бірі, ең көркем, ең көсем тіл. Кейбіреулердің соны үйренуге ынтасы жоқ. Мүмкін біз жеткілікті деңгейде қажеттілік тудыра алмаған шығармыз. Сондықтан Елбасының «Қазақстан мәңгілік ел болып, оның мемлекеттік тілі мәңгілік тіл болды» деген идеясына баса мән бере қарап, біз келешекті ойлауымыз керек. Біздің Елбасымыз өте дана адам ғой. Мемлекеттік тілді ел тұрғындарының түгелге жуық меңгеруге қол жеткізетін кезеңді 2025 жылға дейін белгілеп қойды. Сол кезде мектеп бітіргендердің 100 пайызы қазақ тілін білетін болады. Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеретіні айтылды. Ал сол кезеңге жақындаған сайын біздер қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгіземіз. Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білетіндер жұмыс істейтін болады деген ұстанымға келеміз. Міне, сонда ойбай салмау үшін қазірден бастап тіл үйрену үшін әрекет жасау керек. Тіл саясат жасайтын нәрсе емес. Оны Елбасы да Жолдауында айтты. Президент «Қазақ тілі - бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін басты фактор»,- деді.

- Осы ойларыңызды қандай пікірмен түйіндер едіңіз?

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бір сессиясында «Мен осы сессияға келіп, мемлекеттік тілде сөйлесем, мені бүкіл этнос өкілдері түсінетін болса, мен соны күтемін, соны армандаймын» деген еді. Міне, біз сондай жағдайға жетуіміз керек. Әрбір ұлттың арасындағы қарым-қатынас тілі мемлекеттік тіл болуы қажет. Бұл - дамыған өркениетті елдердегі тәжірибе. Аспаннан түскен қағида емес. Тек Қазақстанда айтылып жатқан талап емес. Біз дамыған отыз мемлекеттің қатарына енеміз дедік пе, соның бір шарты - мемлекеттік тілді бүкіл қазақстандықтардың білуі! Экономика көтеріледі, оған сөз жоқ, себебі Қазақстанға құдай жердің астында, жердің үстінде байлыққа толтырып берген. Біздің экономикамыз жоғары деңгейде қарқынды дами алады. Жан басына шаққанда 60 мың доллар өнімді өндіреміз. Оған, құдай қаласа, жетеміз. Бірақ біздің сана-сезіміміз, біздің тіліміз - бәрі соған да сай болуы керек. Соның ішінде бірінші мәселе - мемлекеттік тілді білу. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қа­зақстан-2050» жалпыұлттық қозғалы­сымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін әзірлеуді тапсырды. Қазір осы мақсатта жұмыс жасалып жатыр. Біз Елбасы Жолдауын жария ету рәсімі біткен сәтте, сол жерде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері кезектен тыс отырыс өткізіп, Елбасының тапсырмасын орындау жөніндегі мәселені талқылағанбыз. Соның қорытындысында бүкіл Қазақстан азаматтарына үндеу қабылдадық. Сол үндеуде Мемлекет басшысының атап көрсеткен басымдықтары іске асатыны, біздің оған сенетініміз айтылды. Халқымызды «Аянбай еңбек етуге шақырамыз!» деген үндеу қабылданды.

Қазақстанның патриоты болу мәселесі, еліміз дамыған отыз мемлекеттің ішіне кіру үшін әрбір азамат қандай жұмыс жасауы керек, қалай үлес қосуы тиіс екені - бәрі де «Мәңгілік Ел» Патриоттық актінің ішінде болады деп ойлаймын. Ал енді әрбір адам аянбай еңбек ететін болса, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болары сөзсіз. Мысалы, Елбасының 2030 жылға дейінгі тапсырмасы уақытынан бұрын орындалды ғой. Ал енді 2050 жылға дейінгі кезеңге бағытталған басты жоспарларымызды одан бергі уақытта іске асыруға мүмкіндіктер бар. Тек қана бізге, яғни, адам факторына байланысты. Табиғи ресурстарымыз мол, енді әрбір қазақстандықтың ар-намысына, оның патриоттық сезіміне тікелей байланысты деп айтар едім.

Тағы бір айта кетуім керек, Атырау облысына жұмыс сапарымен барғанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Уақыт өте келе ел атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет шығар, бірақ мұны алдымен халықпен ақылдасқан жөн», - деді.

Жалпы, ел деген жай сөз емес, ол қазақ үшін киелі ұғым. Ел туралы мақал-мәтелдер де көп. «Ел мен жер егіз» дейді. «Ерден аспақ болса да, елден аспақ жоқ» деген қанатты сөз бар. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал қазаққа да, өзбекке де ортақ. Соның бәрі ел деген сөздің қасиетін білдіреді. Сонымен бірге біз Президентімізді Елбасы деп атадық. Ол атау Заңмен бекітілді. Астанамызды Елорда деп атаймыз. Сондықтан да Елбасының Қазақстанды «Қазақ елі» деп атайық деген бастамасы өте дұрыс деп ойлаймын. Бұл кез келген адамға да түсінікті болады. Кім болса да, бұл қазақтың елі екенін, оның қай жақта орналасқанын білетін болады. Сол себепті мен бұл идеяны қолдаймын. Және бір мәселе, ал егер «Қазақ елі» деп атасақ, қазақ тілі - мемлекеттік тіл және Елбасы айтқандай, мәңгілік тіл болады. Сол себептен де біз осы атауды алуымыз керек деп ойлаймын.

- Рақмет әңгімеңізге.