Қазақстанда ауа температурасының күрт төмендеп, қар жауады.

21 және 23 сәуір күндері еліміздің төрт қаласы мен бес облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Нұр-Сұлтанда 22 сәуірде түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман күтіледі. 21-23 сәуірде ауа температурасының түнде +7...+9°С-тан -3...-5°С-қа дейін күрт төмендейді.

Петропавлда солтүстік, солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, күндіз екпіні 23 м/с-ке жетеді. Түнде жаңбыр соңы қарға ауысады, көктайғақ болады. Ауа температурасы күрт төмендеп, +2...+4°С-тан -5...-7°С-қа дейін өзгереді.

Көкшетауда кей жерлерде тұман күтіледі. Түнде ауа температурасы +5...+7°С-тан -3...-5°С-қа дейін күрт төмендейді.

Қарағандыда оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Жезқазғанда оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15 м/с-ке жетеді.

Түнде Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында жаңбыр жауып, соңы қарға, көктайғаққа айналады. Облыстың солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Солтүстік, солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың басым бөлігінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 25 м/с-ке жетеді. Ауа температурасы 0...+5°С, оңтүстікте +8°С-тан -3...-8°С дейін күрт төмендейді.

Павлодар облысының оңтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, екпіні 15-20 м/ске жетеді. Павлодарда күндіз солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.


Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде және таулы, тау бөктеріндегі аймақтарда найзағай ойнап, бұрқасын күтіледі. Күндіз таулы аймақтарда бұршақ жауады. Шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

Шымкентте найзағай, бұрқасын күтіледі. Шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Түркістанда түннің бірінші жартысында найзағай ойнап, бұрқасын болады. Шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

Алматы облысында солтүстік-шығыстан жел соғады, күші 9-14 м/с-ке жетеді.