Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны өсіп келеді

Бұл туралы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты педагог-психолог Зәуре Жангелдинова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің мәліметінше, Қазақстанда ерте жастағы аутизммен - 1052, мектеп жасына дейінгі (3 жастан 5 жасқа дейін) – 4331 бала, 6 жастан 18 жасқа дейінгі 6704 бала ауырады.

«Біз аутизммен ауыратын балалардың жасына қарай олардың саны көбейгенін байқаймыз. Оның себептерінің бірі – ерте жастан аутизммен ауыратын балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің жеткіліксіз болуы, баланың дамуына ерте араласудың болмауы. Қазіргі заманда ерте араласудың маңыздылығы туралы айтылып жүргенімен, әлемдік статистика ерте түзету көмегі көрсетілетін аутизммен ауыратын балалардың 60-70 пайызы қоғамға жақсы бейімделіп, дамып кететінін көрсетеді», - деді З.Жангелдинова.

Ол сондай-ақ, 31 наурызда орталықта Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне арналған республикалық семинар өтетінін айтты.

Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің педагог-психологы Әсел Бақтығалидың айтуынша, аутизммен ауыратын балалардың 90 пайызында сенсорлық интеграцияның бұзылуы бар. Сенсорлық интеграциялық терапия - аутизмі бар баланың мінез-құлқы мен дамуын ұйымдастырудың тиімді әдісі.

«Аутизмі бар балалар миы сенсорлық ақпаратты тіркемейді, бұл қалаусыз немесе аулақ жүретін әрекеттерге әкеледі. Көбінесе мұндай балалардың миы қауіпті сезбейді және бала одан тәжірибе алмайды», - дейді ол.

Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің педагог-логопеді Жанар Естемесова аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс жасауда баламалы және қосымша қарым-қатынас құралдарын қолдану қажет екенін айтты.


«Баламалы және қосымша қарым-қатынас әдістері - баланың отбасындағы қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ететін қарым-қатынас әдістері. Оның үстіне біз күнделікті өмірде сондай қарым-қатынас әдістерін қолданамыз. Мысалы, жол белгілері, киім жапсырмалары, қоғамдық дәретханаларды көрсететін белгілер және т.б. Баламалы коммуникация дегеніміз - адамның сөйлемей, жазбай-ақ, кез келген ақпаратты беруі немесе қабылдауының барлық тәсілдері. Ал қосымша коммуникация дегеніміз – ақпаратты заттардың, ым-ишараның және графикалық белгілердің көмегімен жеткізу тәсілі», - деді Ж.Естемесова.

Айта кетейік, біздің елімізде 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 18 жасқа дейінгі балаларға жеке немесе топтық түрде көмек көрсететін 13 республикалық орталық бар. Сондай-ақ, 44 арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда және 9 аутизм орталығында аутизммен ауыратын балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. 2022 жылы аутизмге шалдыққан 1789 балаға, РО – 288 балаға, аутизм орталығында 733 балаға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетілген.