Ең жоғары өсім Атырау облысы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Елорда базарларында баға күн санап өсіп жатыр. Сатушылар да мұны жасырмайды. Тіпті Шымкенттің өзінде де баға тізгінсіз кеткен. Ал Ақтөбеде осыған дейін күнбағыс майының бағасын көтеруге тыйым салынып, шекті құны белгіленген. Талапқа сәйкес, дүкендерге сұйық майдың литрін 608 теңгеден асыруға болмайды. Ал мұндағы жауаптылар қымбатшылықты өсімдік майына қажетті шикізат бағасының өсуімен байланыстырып отыр.
Нұрхан Мұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
Себебі, әлемдік баға күнбағыс майына, шикізаты 53%-ке дейін өсті. 90 күннен кейін тағы да баға қалай өзгереді нарық көрсетеді. 3 ай ішінде мүмкін жаңа урожай шығып, баға өзгеруі мүмкін.
Айтпақшы, базардағы бағаны реттейтін үш бірдей комитет бар бізде. Бірақ соның өзінде қайсы-қайсыда тауардың құнын тізгіндей алмай келеді. Негізгісі Сауда және интеграция министрлігі. Ведомство сайтында тұтынушылардың арызын қабылдайтын нөмірлер самсап тұр. Сандар сәндік үшін бе, әлде шынымен шағым қабылдай ма, хабарласып көрдік. Алғашқысы тұтқаны алмады...
Келесісі телефонды көтергенімен біз күткен жауаптан жалтарды.
Үшінші нөмірдің де тұрғындардың құқығын қорғауға құлшынып тұрмағанын байқадық. Бағаға тікелей жауапты Сауда және интеграция министрлігінен ресми жауап алудың сәті түсті. Десе де, баяғы жартас сол жартас. Тіпті халықтың өзі жаттап алған.