Қазақстанда балалар арасында өзін-өзі жазым ету оқиғалары жиілеп барады - Бас прокуратура

С.Нұрпейісовтың айтуынша, Бас прокуратура "Балалар суицидіне" арнайы талдау жүргізген. Қадағалаушы орган кәмелетке толмаған балалардың арасындағы 2005 және 2007 жылдар аралығында өзін-өзі жазым ету және оған әрекет ету фактілері бойынша қорытынды жасады.

"Талдау қорытындысы елімізде балалар арасындағы суицид оқиғаларының көбейе түскенін көрсетіп берді",- деді ресми өкіл. Мәселен, Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, 2005 және 2007 жылдар аралығында кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 750 фактісі және 1146 әрекеттенуі болды.

Бас прокуратура өкілінің сөзіне қарағанда, өзін-өзі жазым еткен және оған әрекеттенген балалардың орташа жасы 14-тен 17-ге дейінгі жасөспірімдер, яғни жасөспірімдердің жүйкелік жағдайы әлі тұрақтанбаған кезеңге дөп келеді.

"Біз жасаған талдау кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол салуға көбіне олардың заң бұзуы, қылмыстық жауапкершілік алдында үрейленуі, қандай да бір әрекет жасағаны үшін ата-анасынан да немесе мектепте жасаған әрекеті үшін қорқуы себеп болатынын көрсетті",- деді С.Нұрпейісов.

Сондай-ақ жасөспірімдерді өзіне-өзі қол салуға жеткізу фактілері де анықталды.

Жекелеген жағдайларда балалардың суицидке бейімділігінің себебін анықтау, тіпті солай деп жорудың өзі қиынға түседі. Бұл көбіне балалардың мінез-құлқының тұрақсыздығына да, сондай-ақ анықтау және алдын ала тергеу органдарының барлық жағдайларды шала-шарпы зерделеуінен де болады. Осыған байланысты Бас прокуратура бұл мәселеге құқық қорғау органдарының басшыларының назарын ерекше аударды.

"Кәмелетке толмағандардың арасында өзіне өзі қол салудың және оған әрекеттенудің тұрақты өсуі балалардың құқықтарын қорғауға, олардың жүйкесінің саулығын қадағалап отыруға, отбасылардың материалдық қамтамасыз етілуіне, ал жекелеген жағдайларда балаға жәй ғана назар аударудың өзінің жоқтығына байланысты, сонымен бірге, мемлекеттік органдардың қажетті шаралар қабылдауының жетімсіздігінің салдарынан болып отырған жайт бұл",- деді ресми өкіл.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, балалардың өзін өзі жазым ету фактілерінің саны туралы ақпарат бүгінгі күні республикалық дәрежедегі ешбір мемлекеттік органда жоқ, ал олардағы бар мәліметтер көбінесе толық емес, яки бір біріне қарама қайшы болып келеді.

Уәкілетті органдарда мұндай фактілердің біркелкі есебінің жоқтығы мемлекеттік деңгейде тиісті алдын ала шаралар қабылдау мүмкіндігін жоққа шығарып, кәмелетке толмағандардың өздерімен және олардың отбасыларымен алдын ала жұмыс жүргізу мүмкіндігінен айрады, дейді өкіл.

"Осыған байланысты бас прокурор премьер-министрге ақпараттық хат жолдап, онда суицидті болдырмау және оның алдын алу үшін белгілі бір шаралар кешенін қабылдау қажеттігі жөнінде мәселе қойды",- деді С.Нұрпейісов.

Сондай-ақ балалар суицидіне алып келетін себептер мен салдарлар туралы мәселелерді Қазақстан Республикасының үкіметі жанында жұмыс істейтін Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс жоспарында арнайы қарау ұсынылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті