Қазақстанда балалар үйі мүлдем болмауы керек – Дариға Назарбаева

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Қазақстан балалармен достық қарым-қатынаста» атты халықаралық форумда ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Елімізде 18-ге толмаған балалардың саны – 5,5 млн. Ол жалпы халықтың үштен бір бөлігін құрайды. Елімізде жыл сайын 400 мың-нан астам нәресте дүниеге келеді. Бұл сан қалада тұратын тұрғындардың санымен тең. Сондықтан біз осы жетікстікпен де мақтанауымыз керек», - деді депутат.

Сонымен қатар Дариға Назарбаева тәуелсіздік алған жылдары қазақ елінде жетім бабалар мен балалар үйінің 2 есеге қысқарғандығын ерекше атап өтті.

«Біз осы жылдар аралығында жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған балалардың санын 2 есеге қысқарттық. Сондай-ақ, балалар үйінің саны 2 есеге азайды. Дегенменде бізде осы салада шешілмеген мәселелер бар. Сондықтан балалар үйі мүлдем болмас үшін бар күшімізді біріктіру керек. Себебі, Қазақстанда балалар үйі мүлдем болмауы керек», - деді халық қалаулысы.

Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты қазақстандық балалардың білім деңгейі мен интелектуалдық деңгейін жоғары бағалады.


«Қазіргі таңда Қазақстан балалары білім деңгейі және интеллект жағынан халықаралық рейтингте 12-ші орында. Біз өз балаларымызбен мақтануымыз керек. Сондай-ақ, олардың 1-ші орынға шығуы үшін барлық жағдайын жасауымыз керек», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Бейбітішілік және келісім сарайында «Қазақстан балалармен достық қарым-қатынаста» атты халықаралық форум өтуде. Шараға әлемнің 35 елінен келген сарапшылар қауымы қатысуда.
Маңызды жиын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, БҰҰ Бала қорынының (ЮНИСЕФ) 70 жылдық мерейтойына арналады.

Конференцияны ұйымдастырушылар – ҚР Парламенті Мәжілісі, ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкілетті орган, ҚР Білім және ғылым министрлігі, БҰҰ Бала қорынының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы және ЕО-ның еліміздегі өкілдіктері.