Қазақстанда балалар Youtube-ті көрмейтін болады

Қазақстанда балаларға Youtube пен әлеуметтік желілерге кіруге шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде байланыс операторларымен балаларға арналған пакеттерді әзірлеу қарастырылуда. Яғни бұл тұрғыда белгілі бір жас санатына қарай балаларға қолжетімді болатын ақпараттың «ақ тізімі» жасалады. Операторлар бұл тұжырымдаманы пысықтауда. Меніңше, жақын аралықта бұл бастаманы іске асырамыз»,-деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров баланың дамуына зардап тигізетін ақпараттан қорғауды көздейтін заң жобасын таныстыру барысында депутаттар сауалына жауап берген кезде.

Оның сөзіне қарағанда, бұл пакет бүгінде жұмыс істеп тұрған «ата-аналар бақылауы» қызметінен бөлек іске қосылады. «Бүгінде байланыс операторларымен бірге балаларға, мектеп оқушыларына арналған пакеттерді ұсынуды қарастырудамыз. Онда ақпарат тиісті деңгейде сүзгіден өтеді. Яғни, балалар пакетінде әлеуметтік желілер, Youtube болмауы тиіс деп пайымдаймыз немесе онда алдын ала балалар үшін тазартылған Kaztube қамтылуы тиіс. Бұл ретте жеткіншектерге лайықты білім беру мен ойын ресурстары ескеріледі»,-деді ол.

Айта кетейік,  Мәжілісте «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.

«Осы заң жобаларына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық етті. Заңнаманың дидары өзгерді, даму қарқыны алапат. Ақпараттың тасқыны кезеңінде оның зардабынан балаларды, жас ұрпақты қорғаудың маңыздылығы күн тәртібіне шығып отыр», - деді Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан таныстырылым барысында.


«Заң жобасының міндеті балаларды физикалық және психикалық денсаулығына, имандылық, рухани, психикалық, физикалық және әлеуметтік жағынан дамуына зардабын тигізетін ақпараттан, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны, қоғамға жат әрі құқық бұзушылық әрекетті насихаттайтын баспа, дыбыс пен бейне өнімдерін, электрондық және компьютерлік ойындарды таратудан қорғаудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен заңнамалық кепілдіктерін енгізу болып табылады. Осы орайда әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі ескеріліп отыр», - деп нақтылады Б.Тілеухан.