Қазақстанда бесінші Start-Up академия ашылды

Талдықорғанда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жанынан «Start-Up Академия» ашылды. «Даму» Қоры мен Жетісу мемлекеттік университеті арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Академияның ашылу салтанатына Алматы облыстық әкімшілігінің өкілдері және өңір кәсіпкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл университет ғимаратында ашылған бесінші «Start-Up" академия. Алғашқы төртеуі Астана, Алматы, Атырау және Павлодар қалаларында орналасқан. Мұндай әріптестік бизнеске енді бет бұрған кәсіпкерлерге бизнес-идеядан бастап, нарыққа жол тартқанға дейінгі аралықта кешенді түрде, тегін қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, тек консалтингтік немесе ақпараттық қолдау ғана емес, инвестор тартып, Қордың қаржылық бағдарламаларына қатысуға жағдай жасап, мемлекеттік гранттар ұтып алу жолында көмектеседі»,-деді «Даму» Қорының Басқарушы директоры-Басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков.

«Start-Up Академия» кәсіпкерлікпен айналысам деген біздің жастарға қолдау көрсетеді. Идеядан бастап, оны жүзеге асыру жолындағы барлық кезеңде де. «Даму» Қорымен университет жанында академия ашудың мақсаты да - осы. Біз өз тарапымыздан Алматы облысында инновациялық және кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру үшін барынша еңбектенеміз. Академияда тренинг, семинарлар өткізіліп, стартап жобалар іздестіріп, іріктейміз. Сондай-ақ тәлімгерлік, сараптамалық қолдау мен түрлі байқаулар да ұйымдастырылады»,-деді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Баймырзаев Қуат Маратұлы.


Шара барысында түрлі қалалық, республикалық,, аймақтық байқауларға қатысқан жас ғалым, кәсіпкер, студенттер мен магистрант, докторанттардың инновациялық жобаларының көрмесі өтті. Онда өнертапқыштардың шағын ұшу құралдары, бөлме гүлдерін автоматты түрде суару жүйесі, Жоғары оқу орнының виртуалды гиді, электронды микроскоп секілді көптеген дүниелері қойылды.