Қазақстанда брендтік аяқ киім көлемі бір айда 80%-ға артты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Сонымен қатар, 2022 жылмен салыстырғанда тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіндегі бизнес белсенділігі 46%-ға ұлғайғаны байқалып отыр.

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде аяқ киім өнімдерін таңбалау мен қадағалау ережелері толық күшіне енді. Демек, бұдан былай тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға тыйым салынады.

Міндетті таңбалау процесіне алдын ала дайын болу үшін кәсіпкерлерге екі жылдан астам уақыт берілді: 2019 жылдың 30 маусымында бастапқы жоба іске қосылса, 2021 жылдың 1 қарашасында аяқ киімді таңбалау ережелері бизнеске көптеген жеңілдігі қарастырылған заңнамалық ережеге айналды.

Тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесінің негізгі мақсаты – Қазақстанда ашық сауданы дамыту. Жүйеде аяқ киім өнімдерінің картасын тіркеген соң оған қатысты ақпарат пайда болады. Соның негізінде өнімнің бірегей таңбалау коды қалыптасады. Сол арқылы әр аяқ киімнің данасы жеке, яғни бөлек қадағаланады.

«Біріншіден, таңбалау процесі тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл арқылы сатып алушы қажетті өнім туралы толық ақпаратқа қанығып, таңдау құқығын иеленеді. Таңбалау мен қадағалаудың екінші маңызды мақсаты – көлеңкелі экономиканы тежеу, яғни заңсыз импортты және оған қатысты нарықты жою көзделіп отыр», - деді QazTextileIndustry (дербес басқару ұйымы) ұлттық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова.


Былтыр елімізде қаңтар-наурыз аралығында 223,9 мың дана аяқ киім шығарылса, биыл оның мөлшері 421,5 мыңға жеткен. Өндірістік динамика 88%-ға артқан.

Айта кетсек, Қазақстанда цифрлы таңбалау мен қадағалау тетігі 3 өнім түріне қолданылып келеді: 2020 жылдан бастап темекі өнімдеріне, 2021 жылдың қарашасынан бастап аяқ киім өнімдеріне, 2022 жылғы қарашадан бері 90 дәрілік затқа.

Бұған дейін хабарланғанындай, аяқ киімнің цифрлық таңбалануы бағаның өсуіне әсер етпейді.