Қазақстанда дәрі-дәрмектерді телеарна арқылы жарнамалауға тыйым салынады

Заң биылғы жылдың 20-қарашасынан бастап күшіне енеді.

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, адам санасына күштеп таңатын тележарнама азаматтарды дәрі-дәрмектерді дәрігердің ақыл-кеңесінсіз-ақ сатып алуға итермелейді.

«Адамдар теледидарда айтылып жатқан нәрсеге сеніп үйренген. Байсалды еркек пен әйелдер белгілі бір дәрінің барлық ауруды жазады деп жарнамалап жатса сенбей қайтсін?! Мұндай жарнама адамдарды дәрі-дәрмек сатып алуға итермелейді», - деп жазды С.Қайырбекова өз блогына келген сауалдардың біріне.

Оның айтуынша, жарнама арқылы немесе таныстарының айтуымен дәрі ішкен адамдар көп мәселелерді ескермейді. «Мысалы, дәрінің дозасы мен қанша уақыт ішілетіні дұрыс анықталмайды. Мұның салдары ауыр сырқаттарға душар етуі мүмкін. өйткені, дәрігерлер дәрінің дозасы мен қабылдау курсын пациенттің жасын, денсаулық жағдайын, басқа ауруларын ескере отырып анықтайды», - деп түсіндірді министр.

Сол себепті, биылғы жылдың мамыр айында рұқсат ету жүйесі мәселелір жөніндегі заң актілеріне бірқатар түзетулер енгізілді. Жаңа заңдағы негізгі талаптардың бірі дәрі-дәрмекті теледидар арқылы жарнамалауға тыйым салуға қатысты. Бірақ, дәрілік заттарды арнайы басылымдарда жарнамалауға шектеу қойылмайды.