Қазақстанда дәрі-дәрмекті сатып алу рәсімдері жеңілдетілді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

«Препараттарды жоспарлау және сатып алу үшін барлық негізгі рәсімдер жеңілдетілді: дәрі-дәрмекті сертификаттау мерзімі қысқартылды және процедуралар 1 айдан 3 күнге дейін жеңілдетілді, бір жолғы әкелуге рұқсат бір тәулік ішінде берілетін болды. Ал COVID-19 емдеуге арналған жаңа препараттарды тіркеу процедурасы 6 айдан 2 айға дейін тездетілді», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі Telegram желісінде.

Сонымен бірге, Ресей мен Үндістанға жасалған 6 әуе рейсі арқылы дәріханалардың бөлшек сауда желісі 4 млн қаптама дәрімен қамтылды. Олардың қатарында-вирусқа қарсы және ыстықты төмендететін препараттар, антикоагулянттар мен антибиотиктер және басқа да қажетті заттар бар.

«Дәрі-дәрмектер өңірлердегі дәріханаларға біркелкі бөлінеді және дәрі-дәрмек қажеттілігін өтеу үшін мұндай шаралар үнемі ұйымдастырылатын болады. Барлық өңірлерде дәрі-дәрмекпен қамту үшін арнайы тұрақтандыру қорлары құрылды. Оның ішінде Алматы қаласында – 5 млрд теңге, Нұр-Сұлтанда – 1,2 млрд теңге, Шымкентте – 180 млн теңге, Ақтөбе облысында - 500 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 250 млн теңге қор бар», - дейді министрлік.