Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениет және спорт министрлігі жаңа қысқы маусымның басында Алматыда Global Figure Skating - Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, халық сүйіктісі Денис Тен атындағы Мәнерлеп сырғанау академиясының ашылатынын хабарлады.
Мәдениет және спорт министрлігі Алматы мәдениет және спорт басқармасымен және Денисдің анасы Оксана Тенмен бірлесіп, 2018 жылдың 19 шілдесінде қаза тапқан әлемдегі ең дарынды мәнерлеп сырғанаушылардың бірін мәңгі есте қалдыру үшін жұмыс істеп жатыр.
Global Figure Skating академиясы - Денистің өз дайындаған жобасы бойынша, көп жылдық спорттық тәжірибе мен Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау өнеріне талдау негізінде спортшының туған жері - Алматының мұз алаңдарының бірінің базасында ашылады.
Денис Теннің анасы - Оксана Тен ұлының жеке бапкері болған Татьяна Тарасова мен Фрэнк Кэроллмен келіссөздер жүргізіп жатыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жоспары бойынша мәнерлеп сырғанау академиясын құру елімізде бұқаралық спортты дамытуға серпін береді. Алматыда мұндай орталықтың ашылуы өзекті, өйткені бүгінде мемлекеттік және жеке секцияларда 5000-нан астам бала мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Денис Тен атындағы академияның ашылуымен балалар бір орталықта оқуға мүмкіндік алады. Жақын арада жоба концепциясы ұсынылады және қаржы бөлу міселесі анықталады.
Болашақта осындай академияны Қазақстан елордасы - Нұр-Сұлтанда құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.