Қазақстанда депутаттар жоғары білімсіз мәжіліске сайлана алады, бірақ көмекшілерінен диплом талап етіледі

Желі қолданушылары депутаттарға жоғары білім туралы диплом талап етілмейтініне наразылық білдірген еді. Депутат Абзал Құспан Stan.kz тілшісіне не себепті мұндай талап жоқ екенін түсіндірді, деп хабарлайды Caravan.kz  медиа порталы. 

Елімізде депутат болу үшін жоғары білімі бар екенін растайтын дипломның болуы міндетті емес. Алайда депутат көмекшілерінің жоғары білімді болуы тиіс екен. Мұндай талап желі қолданушыларын толғандырып қойды.

Абзал Құспан өзі жеке білімі жоқ депутаттарды көрмегенін айтты. Десе де оның айтуынша, депутат сайланбалы тұлға болғандықтан, алған білімінен гөрі елдің қамын жоқтай алуы маңызды.

"Қазір ЖОО-ны бітіру қиын емес. Ақшасын төлеп тұрсаң, дипломды алып шығуға болады. Маңыздысы – оның алған білімі емес, ал елдің, халықтың мұң-мұқтажын жоқтай алатын, өз саласын түсінетін адам болғаны. Мысалы, Джек Ма сияқты әлемдік кәсіпкерлердің өзі ешқандай арнаулы білім алмай, колледж бітірмей, үздік бизнес иесі болып отыр. Депутат та өз саласында орнын тапқан тұлға болу керек. Халықтың сенімінен шығу қажет”, – деді Құспан.

Оның айтуынша, депутат көмекшілерінің заңы мемлекеттік қызметпен реттелгендіктен, оларға диплом міндеттеледі.


“Мемлекеттік қызметкерлерге жоғары білім дипломының болуы міндетті. Депутат көмекшілері мемлекеттік қызметші боп саналады. Ал депутаттар мемлекеттік қызметшілермен теңестірілгенімен, олардың қызметі мемлекеттік қызмет туралы заңмен реттелмейді”, – деді ол.