Қазақстанда діни бағытта «Халық арна» телеарнасы ашылады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Пандемия кезінде мүфтият қайырымдылық бағытта бірқатар шаралар атқарды. Сонымен қатар карантин кезінде онлайн насихат жұмыстарының маңызы артты. Дегенмен ақпарат ғасырында жаңа технологияны игеріп, насихат жүргізу мен ақпарат таратудың телевизиялық тәсілін өзімізден басқаруды ұйғардық. Осыған орай ҚМДБ жанынан республикалық «Халық арна» атты төл телеарнамызды ашқалы отырмыз», - делінген діни басқарма таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда арнаға қажетті контентті жинақтау жұмысы аяқталды. Діни бағыттағы бағдарламалар, сұхбаттар, сюжеттер мен бейне-роликтердің басым бөлігі ҚМДБ-ның бас кеңсесінде түсіріледі. Арнаны «Отау тв» мен «Алма тв» кабельдік желілерінен көруге болады.


Ертең, 3 қараша күні өтетін телеарнаның ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, елге белгілі қоғам қайраткерлері қатысады.