Парламент мәжілісінің төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, Камал Бұрханов, Алтай Тілеубердин, Серік Баймағанбетов, Рахмет Мұқашев, Гүлмира Исимбаева, Серік Қонақбаев, Николай Турецкий, Дарья Клебанова, Ержан Рахметов, Айткүл Самақова мен Уәлихан Қалижан бастамашы болған "Діни бірлестіктер және діни сенім бостандығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" жаңа заң жобасын мәжіліс 2 сәуірде жұмысқа қабылдаған.
"Олар құдайға құлшылық ету орындарына қаржылай көмек тек кассалық аппарат арқылы және жергілікті билік өкілдерінің бақылауымен ғана көрсетілуі керек деген норманы ұсынып отыр", - деп хабарлады Н. Фокина.
Сонымен қатар, оның айтуынша, құлшылық ету орындарында кассалық аппарат орнату міндеттемесінен басқа заң жобасында діни ұйымдардың пайдасына белгісіз адамдардан қайырмалдық алуға тыйым салатын норма да енгізілген. Егер бұл нормалар бұзылатын болса, онда бұл діни ұйымдар белгілі мөлшердегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жобаны жасаушылардың бірі депутат Камал Бұрхановтың айтуынша, бұл нормаларды бұзушылар жазаға тартылуы тиіс. "Жаза әрине болуы керек. Алайда, оның қандай жаза болатын айту әлі ерте. Кез келген заң шыққаннан кейін заңдық актілер шығады. Олар оның қалай жүзеге асатынын реттейді".
"Діннің аты - дін, ал мемлекеттің аты - мемлекет. Құдай біздің жанымыздың иесі. Ал ақша мемлекеттің шаруасы. Халық мемлекетті нақ осы мақсатта құрған. Мемлекет салық жинауы керек, қоғамдық өмірді реттеуі керек. Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін қызмет етуге тиіс. Біз өз өмірімізді реттеу үшін мемлекетті құрдық", - деді К. Бұрханов.