Қазақстанда электр қуатының тарифтері өседі - Назарбаев

"Бізде электр қуатының, ыстық және суық судың тарифтерінің арзандығына байланысты біз бұл ресурстарды қажеттіліктен артық көлемде ысыраптап жатырмыз",- деді жұмада "Қазақстан -2030": алғашқы онжылдық қорытындысы және келешек" атты халықаралық конференцияның аяқталуына орай журналистерге берген сұхбатында.

"Біздің өнеркәсіптердің энерго шығындары дамыған елдермен салыстырғанда үш - төрт есеге артық",- деді президент. Ол, тарифтердің төмендігі энергетика компанияларының негізгі қорды модернизациялауға және ауыстыруға мүмкіндік бермейді, деп түсіндірді. "Біз мұндай негізгі қорлармен бәсекелестікке қабілетті өнім құра алмаймыз",- деп санайды елбасы.

"Біз бұдан әрі мұндай тарифті ұстап тұра алмаймыз, бізге энерготехникалық қуаттылықтарды реконструкциялауға қаржы қажет"- деді ол.

Назарбаев республика тұрғындарын энерго ресурстарын үнемдеуге шақырды. "Үнемдеу - бұл сараңдық емес, мәдениет",- деп атап көрсетті Қазақстанның елбасы. "Адам неғұрлым бай болса, ол соғұрлым үнемшіл. Ал бізде мұжықтан бір сәтте миллионерге айналғандар ақшаны оңды-солды шашуда, азаматтарды қайта тәрбиелеуге тура келуде",- деді президент.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше Назарбаев үкімет мүшелерімен жиналыс өткізген. Президент энергия мен суды үнемдеудің қажеттілігі туралы кең ауқымды түсіндірме жұмыстар жүргізуді тапсырған.

Сондай-ақ елбасының пайымдауынша, "қуатты үнемдеуге қатысты жұмыстарды әкімшілік және материалдық ынталандыру шараларын, сонымен қатар заңнамалық базаны жетілдіруді қарастыратын біртұтас мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет", - деп айтылған баспасөз қызметінің хабарламасында.